Қытай ғалымдары Марста тіршілік ете алатын өсімдік тапты

0
171

Бұл — Syntrichia caninervis түрінің мүгі, оның үлгілері Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Құрбантұңғыт шөлінен жиналды.


Қытай ғалымдары Марста тіршілік ете алатын өсімдік тапты

Фото: Қытай Ғылым академиясы жанындағы Шыңжаң экология және география институты

ERNUR.KZ. Қытай ғалымдары Марстың қатал жағдайына төтеп беріп, ғарыш кеңістігіндегі экстремалды ортада да тіршілігін сақтай алатын мүк түрін тапты, деп жазады inform.kz.

Бұл — Syntrichia caninervis түрінің мүгі, оның үлгілері Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Құрбантұңғыт шөлінен жиналды. Ғалымдар оны бүгінге дейін анықталған шөлге ең төзімді өсімдік түрі деп бағалап отыр.

Зертханалық сынақтар мүктің жасушаларындағы ылғалдың 98 пайызын жоғалтса да қайта қалпына келіп, –196 °C аяз бен жоғары дозалы гамма-сәулеленуге төтеп бере алатынын көрсетті.

Мүк қытайлық «Цинчжоу» жүк кемесі бортында микрогравитация мен ғарыштық радиация жағдайында сыналып, төзімділігін дәлелдеді. Орбитада кеуіп қалған үлгілерге аз ғана су берілгенде, олар қайтадан тіршілікке оралды.

— Бұл — тұтас өсімдікті Жердің төменгі орбитасына алғаш рет шығарып, оны қайта тірілтудің сәті түскен бірегей тәжірибе, — деді Қытай Ғылым академиясы Шыңжаң экология және география институтының ғылыми қызметкері Ли Сяошуан.

Ғалымдардың пайымдауынша, мүктің қайта қалпына келу қабілеті ғарышты терең игеру зерттеулеріне жол ашады. Ал оның генетикалық материалы болашақта қуаңшылыққа төзімді дақылдар өсіріп, жердің шөлейттенуіне тосқауыл қоюға септігін тигізеді.

Бұған дейін Қытайда Марсты игеруге арналған құрылыс материалы әзірленгені хабарланған болатын.