Мысырда ең ірі күн электростанциясы іске қосылды

0
1 061

Бұл кешен бір миллионнан аса үйді электр қуатымен қамтамасыз ете алады.


Мысырда ең ірі күн электростанциясы іске қосылды

ERNUR.KZ. Мысыр елінде Африка құрлығындағы ең ірі Күн сәулелік электр станциясы іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл кешен бір миллионнан аса үйді электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Ол елдің ең ыстық әрі қуаң аймақтарының бірі – Сахара шөлімен іргелес Асуан провинциясында орналасқан.

Күн сәулелерінен электр қуатын өндіру үшін жер бетінде шөлден артық орын таппайсың. Мысыр билігі қолдағы бар осы мүмкіндікті қолдануға бел буып, мұнда ірі электр станциясын салған. Жобаны жүзеге асыру үшін 3 жыл кетіп, кешен 37 шаршы шақырым ауданды алды. 6 миллион фотопанельдің көмегімен экологиялық таза энергия шығарылады.

– Жобаға 2 миллиард доллар жұмсалды. Алғашқы күндерінен бастап станция толық күшіне шығып, бір жарым гиговат энергия өндірді. Жақында Мысырда электр қуатымен қамтитын ірі компаниямен 25 жылға келісімшарт жасадық, - дейді инженер Адель Вакет.

Станцияны салуға Германия, Норвегия, Франция, Біріккен Араб әмірліктері және Сауд Арабиясының компаниялары қатысты. Ал жобаны 16 халықаралық даму банкісі қаржыландырған.

– Қазіргі кезде жаңғыртылатын қуат көздері елімізге қажет энергияның тек 3% қамтып отыр. Ал осыдан екі жыл бұрын үкімет олардың үлесін 2022 жылда 20% дейін, ал 2035 жылы 40% жеткізу міндетін қойған болатын. Осы жоспарымыз жүзеге аса бастағанын көріп тұрсыз. Мысыр таза энергетика орталығына айналуы мүмкін, - дейді эколог Омар Хамада.

Күн сәулелерімен қатар елдің өзге аймақтарында жел күшін пайдалану жобалары қолға алынған. Мәселен, Заафаран ауданында ірі жел фермасы бірнеше жыл бойы жұмыс істеп келеді. Бұл кешендер қоршаған ортамызды сақтап қалуға өз үлесін қосатыны анық. Тек шөлдегі Күн сәулелік электр станциясының өзі ауаның көмір қышқыл газымен ластануын 2 миллион тоннаға азайтпақ.