Сарапшылар пікірінше, қону кезінде ұшқыш қозғалтқыштар мен шассиді басқара алмаған.
Фото: Yonhap
ERNUR.KZ. The New York Times басылымы Оңтүстік Кореядағы ұшақтың апатқа ұшырауына бірнеше фактор атап өткенін жазды, деп жазады inbusiness.kz.
NYT басылымының жазуынша, рейс кестеден жарты сағатқа кешігіп келген, ал ұшқыштың ұшу тәжірибесі жеті мың сағатқа жуық болған. Корея ашық киберуниверситетінің қоғамдық қауіпсіздік профессоры Пэк Сын Чжу қозғалтқыштың істен шығуы шассидің жұмысына әсер етпейтінін, бірақ бұл жағдайда екеуінің де қатар істен шығуы ұшқышты фюзеляжға бірнеше минутта қонуға мәжбүр еткенін айтты.
Трагедияға алып келген тағы бір фактор – Муан әуежайындағы ұшу-қону жолағының ұзындығы. Әдетте, ол 9,2 мың фут (2,8 шақырым) болатын, бірақ апат күні құрылыс жұмыстарына байланысты тек 8,2 мың фут (шамамен 2,5 шақырым) қолжетімді болған. Билік бұл қашықтық Boeing 737-800 ұшағының қонуына жеткілікті екенін айтқанымен, апатқа ұшыраған ұшақ ұшу-қону жолағының әдеттегіден әрі қонғанын атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, егер ұшу-қону жолағының соңында ұшақтың қону траекториясын дұрыс сақтауға көмектесетін бетон антенна локализаторы орнатылмаса немесе ол берік бекітілген болса, трагедияның алдын алуға болатын еді. Дәл осы құрылысқа соқтығысқаннан кейін ұшақ жарылған.
Оңтүстік Корея Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің авиациялық саясат директоры Джу Джонг-Ван антеннаның ережеге сай орнатылғанын және оның айналасында топырақ қорғаны болғанын мәлімдеді. Алайда үкімет бұл талаптарды қайта қарау мүмкіндігін зерттемек.
Сонымен қатар, NYT дерегінше, ұшақ бетон құрылыспен соқтығысқанға дейін-ақ проблемаларға тап болған. Авиация сарапшыларының айтуынша, қону кезінде ұшқыш қозғалтқыштар мен шасси жүйесін басқара алмаған. Бұл оны жылдамдықты азайту үшін негізгі үш құралдан айырыпты: шасси арқылы тежелу, қозғалтқыштардың кері тартылуы және жылдамдықты азайтуға арналған қақпақтарды қолдану.
Оңтүстік Корея университетінің авиациялық сарапшысы Хюнгвун Джей Ю. Юнг бір қозғалтқыш құспен соқтығысудан істен шыққан жағдайда да ұшқыш басқа қозғалтқыштың қуатымен гидравликалық сорғыны іске қосып, шассиді түсіре алатынын айтты. Сарапшылардың пікірінше, екі қозғалтқыш бірдей істен шықса да, шассиді қолмен түсіруге болады. Бірақ қонуға деген асығыстық ұшқыштың бұған уақыты болмағанын көрсетті.
Қара жәшік табылғанымен, оның бір бөлігі бүлінген, сондықтан деректерді қалпына келтіру үшін уақыт қажет болуы мүмкін, деп мәлімдеді Джу Джонг-Ван.
Ұлыбританияның авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Дэвид Лермонт экипаж бен жолаушылардың өліміне ұшу-қону жолағының артындағы бетон құрылыспен соқтығыс себеп болғанын атап өтті.