Астанада сахнада балағат сөз айтқан әзілкешке айыппұл салынды

0
102


Астанада сахнада балағат сөз айтқан әзілкешке айыппұл салынды

Pixabay

ERNUR.KZ. Астанада сахнада балағат сөздер айтқан стендап-комикке сот жаза тағайындады. Әзілкеш кінәсін мойындап, кешірім сұраған және өзін қамауға алмауды өтінген. Нәтижесінде сот оған айыппұл салды, деп жазады Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Іс материалдарына сәйкес, әзілкеш Астанадағы ойын-сауық орындарының бірінде өнер көрсетіп, әзіл айту барысында бейәдеп сөздер қолданған.

Сот оның бұл әрекетін айналасындағыларды сыйламау және қоғамдық тәртіпті бұзу деп бағалады.

Іс 7 қарашада ұсақ бұзақылық бабы бойынша қаралды. Сотта дәлел ретінде әзілкештің өнер көрсеткен сәті түсірілген бейнежазба ұсынылған.

Әзілкеш қалай жазаланды?

Сот отырысында өнер иесі кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтқан.

Ол әкімшілік қамауға алудың орнына айыппұл салуды сұрап, мұндай жағдайды қайталамауға уәде берген. Оның адвокаты да осы өтінішті қолдады.

Заң бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл немесе 5-тен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.

Сот әзілкештің кінәсін мойындап, өкінгенін ескеріп, оған 20 АЕК көлемінде айыппұл салды.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ. Ал әзілкештің аты-жөні сот хабарламасында көрсетілмеген.

Бұған дейін не болған?

Еске салайық, 2026 жылғы тамызда Астанада стендап-концерт кезінде тағы бір оқиға болған еді. Сол кезде полиция қызметкерлері әзілкеш Ғалым Қалиақбаровтың өнер көрсетуін тоқтатқан.

Кейін Есіл ауданының әкімдігі Carlin мекемесінде өткен іс-шараны ұйымдастырушылар концертке кемінде 10 күн қалғанда берілуге тиіс міндетті хабарламаны жолдамағанын түсіндірді.

Әкімдік мәліметінше, жергілікті билік өкілдері заң талаптарын түсіндіру үшін барған. Алайда ұйымдастырушылар оларды мекеме аумағына кіргізбеген.

Осыдан кейін полиция ұйымдастырушылармен түсіндіру жұмысын жүргізіп, үйлеріне қайтарған.