Оңтүстік Кореяның тергеушілері президент Юн Сок Ёлды тұтқындай алмады

0
282

Президентті қамауға алу ордері 31 желтоқсанда шығарылып, 6 қаңтарға дейін жарамды деп танылды.


Оңтүстік Кореяның тергеушілері президент Юн Сок Ёлды тұтқындай алмады

Фото: Yonhap

ERNUR.KZ. Оңтүстік Кореяның сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюросы әскери жағдай енгізу әрекетінен кейін биліктен шеттетілген президент Юн Сок Ёлды ұстай алмады, деп жазады stan.kz.

3 қаңтар күні таңертең 20 тергеушіден тұратын топ 80 полиция қызметкерімен бірге Оңтүстік Корея президентінің Сеулдегі резиденциясына барды. Бірақ белгілі бір әскери бөлім олардың жолын бөгеді.

Әскерилер тергеушілерді өткізгеннен кейін қауіпсіздік қызметі Юн Сок Ёлды тұтқындауға рұқсат бермеді.

Сондай-ақ президенттің 1000-нан астам жақтастары импичмент туралы шешімнің күшін жоюды талап етіп, резиденцияның сыртында тұрды. Тәртіпті сақтау үшін оларды 2700 полиция қызметкері қоршап алды.

Тергеушілер ақырында, "жалғасып жатқан жанжалға" және "қауіпсіздік мәселелеріне" байланысты тұтқындау туралы ордердің орындалуын тоқтату туралы шешім қабылдады.

"Заңда белгіленген тәртіпті сақтаудан бас тартқан күдіктінің әрекетіне қатты күйініп тұрмыз", – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюро.

Президентті қамауға алу ордері 31 желтоқсанда шығарылып, 6 қаңтарға дейін жарамды деп танылды. Бұған дейін Юн Сок Ёль үш рет жауап алуға шақыруды елемеген.

Құқық қорғау органдары оны бүлік шығарды деп айыптап, парламент оған импичмент жариялап, биліктен шеттеткен. Президенттің міндетін атқарушы қызметіне Хан Дук Су тағайындалған.

Юн Сок Ёлдың адвокаттары тергеушілердің оны қамауға алуына негіз жоқ екенін айтты. Өйткені конституция президентке әскери жағдай жариялауға мүмкіндік береді.