"Жаңадан қабылданған диктор демалмайтын, ішіп кетпейтін, служебный роман құрмайтын болады"
Қытайдың мемлекеттік «xinhuanet.com» ақпарат агенттігі әлемде тұңғыш рет жаңалықтар жүргізетін роботты ұсынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы агенттіктің сайтында хабарланды. Оның түр-әлпеті, мінез-құлқы адамды айнытпай салады. Жасанды интеллект арқасында ол «тірі» әріптестерінен үлгі алып, дами алады екен.
Виртуал жүргізушінің дебюті 7 қарашада Жы Жияң өлкесіндегі Дүниежүзілік жаңа технологиялар конференциясында өтті. Келесі күні ол ресми түрде жұмысына кірісіп кетті. Аталған медиа мекемесінде дәл осындай екі диктор бірі ағылшын тілінде жаңалықтар оқыса, екіншісі қытай тілінде хабар таратады екен.
Синтезделген дауыспен қатарласатын осындай роботтар арқылы агенттік телеарнаға, сайттың және ұялы құрылғыларға жаңалықтарын жылдам дайындай алады.
«Синхуа» өкілдері бұл технологияның мән-жайын әлі ұсынбады. Алайда жаңа роботтардың тәулігіне 24 сағат бойы жұмыс істей алатыны хабарланып отыр.
БАҚ басылымдары мен әлеуметтік желіде таралған бұл жағымды жаңалық туралы желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды.
"Қытай робот дикторларды эфирге шығара бастады. Импровизацияға шорқақ болады демесеңіз, басқа жерлерде пайдасы көп сияқты: - айлық алмайды; жұмыстан сұранбайды; демалысқа шықпайды; бала тумайды; ауырмайды; ұжыммен сөзге келмейді; ішіп кетпейді; служебный роман құрмайды..", деді Нұрболат Туысбайұлы.
Ал, әлеуметтік желі белсендісі Куралай Омиралиева: "Қытайлардан бәрі шығады. Енді журналистер жұмыссыз қалмаса болды ғой", деп таңданысын білдірді.
Тағы біраз желі қолданушылары эстрада жұлдыздары мен өнер адамдарын телеарна эфирінен "тазартудың" тамаша әдісі екен деген ойларын ортаға салды.