TikTok АҚШ үкіметін сотқа берді

0
431

ByteDance өкілдері бұл заң сөз бостандығын қорғайтын Конституцияға енгізілген бірінші түзетуді бұзады деп отыр.


TikTok АҚШ үкіметін сотқа берді

ERNUR.KZ. TikTok және ByteDance компаниясы АҚШ президенті Джо Байден қол қойған тыйымға қарсылық білдіру үшін ел үкіметін сотқа берді, деп жазады inform.kz.

ByteDance өкілдері бұл заң сөз бостандығын қорғайтын Конституцияға енгізілген бірінші түзетуді бұзады деп отыр. АҚШ-та қабылданған заң қытайлық ByteDance компаниясына 8 айдан аз уақыт ішінде TikTok-тың американдық бөлігін сатуға мәжбүр етеді, әйтпесе елде бағдарламаға тыйым салынады.

TikTok және ByteDance өкілдері активтерді сату коммерциялық, технологиялық немесе заңды түрде мүмкін емес дейді.

«Бұл заң TikTok-ты 2025 жылдың 19 қаңтарына дейін шектейтініне және платформаны байланыс үшін пайдаланатын 170 миллион америкалықтардың үнсіз қалдыратынына күмәніміз жоқ», - деді ByteDance өкілдері.

Жаңа заңға сәйкес, егер компания шарттарды орындамаса, Apple мен Google пайдаланушыларға TikTok қолданбасын ұсына алмайды. Интернет-хостинг қызметтеріне де қосымшаны қолдануға тыйым салынады. Заң АҚШ Конгресі TikTok ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін деген алаңдаушылық білдіргеннен кейін қабылданды. Америкалық заң шығарушылар Қытай билігі америкалықтар туралы деректерді қолданба арқылы жинай алады деп сенеді.

Сотқа жолданған шағымда ByteDance компаниясы TikTok-ты мәжбүрлеп сатуға «түбегейлі қарсы» және қолданбаның ең құнды бөлігі саналатын TikTok алгоритмін экспорттауға рұқсат бермейтінін айтқан.

Құжатқа сәйкес, TikTok пайдаланушы деректерін қорғау шараларына 2 миллиард доллар жұмсаған. Сондай-ақ компания АҚШ-қа 90 беттік Ұлттық қауіпсіздік туралы келісім жобасының шарттарын бұзған жағдайда қолданбаны тоқтата тұру құқығын беретін «жою опциясымен» келісті.