Штампталған, құйылған, соғылған: Автомобиль дискілерінің қыр-сырын білесіз бе?

0
3 682

Бүгінгі таңда көлік дискілерінің төрт негізгі түрі бар, бірақ дизайнерлердің қиялы шексіз.


Штампталған, құйылған, соғылған: Автомобиль дискілерінің қыр-сырын білесіз бе?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Автокөліктің әрбір бөлшегі автомобиль сияқты көптеген эволюциядан өткен. Мәселен, дөңгелектер бір кездері қатты ағаштан жасалған. Біраз уақыттан кейін былғарыдан және металдан жасалған түрлері пайда болды. Содан кейін болаттан жасалған штампталған дискілер шықса, 1950-1960 жылдары легирленген дискілер шығарыла бастады.



Штампталған диск

Штампталған диск – ең қарапайым және ең арзан диск. Олар барлық автомобильдерге орнатылады және көбіне жаңа көліктердің негізгі конфигурацияларында ұсынылады. Мұндай дискілер болаттан жасалады. Жиегі мен беті бөлек штампталып, содан кейін оларды дәнекерлейді.

Штампталған дискілер өте ауыр болады және кез келген қақпақпен сәндеп қоюға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, мұндай дискілерді кез келген түске бояуға болады.

Оған қоса, штампталған диск өте икемді. Мәселен, мұндай диск жолдағы шұңқырға түсіп шықса мыжылып қалмайды. Яғни өзіне соққы алғанымен, оп-оңай дұрыстап ала аласыз. Сол себепті, штампталған дискілер ең қарапайым, ең арзан және жаппай қолжетімді болып саналады. Ауыр болғанымен, отын шығынына әсер етпейді. Деректерге сүйенсек, әлемдегі барлық көліктердің 60%-дан астамы осындай дискімен жабдықталған екен.



Құйылған

Құйылған дискілер құны, беріктігі және эстетикасы бойынша орташа деңгейде. Олардың салмағы штампталғаннан әлдеқайда аз, ал жүктемесі үлкен болады. Сонымен қатар, олар әлдеқайда әдемі, әртүрлі дизайнға ие және тот баспайды. Бірақ құйылған дискілер нәзік болып келеді. Мысалы, құйылған диск жоғары жылдамдықпен жолдағы шұңқырға түссе, жарылып кетуі немесе кем дегенде жарықшақ пайда болуы мүмкін.

Ғаламторда мұндай зақымды жөндеудің түрлі жолдары көрсетілгенімен, оны дәл бастапқыдай етіп жөндеу мүмкін емес. Жөндеген күннің өзінде сенімділігі төмендеп, адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан, Еуропа елдерінде, Жапония мен басқа да көптеген мемлекеттерде құйылған дискілерді жөндеу заңсыз болып саналады.



Соғылған

Соғылған дискілер - жаппай нарықтағы ең сәнді, сирек кездесетін және қымбат нұсқа. Оларды магний, титан және басқа элементтер қосылған алюминий қорытпаларынан жасайды.

Біріншіден, алюминий цилиндрлері салмағы шамамен 10 000 тонна болатын өте ауыр престің астына бірнеше рет енгізіледі. Мұндай қысымның әсерінен металл қысылып, оның тығыздығы болаттан да үлкен болады. Бұл соғылған дискілердің беріктігінің бір құпиясы. Яғни, мұндай өңдеуден кейін металдың ішінде бос орындар мен қатпарлар қалмайды. Яғни, құйылған дискідегідей жарықтар пайда болмайды.

Тығыздаудың келесі бөлігінде диск қажетті пішінге келтіріледі. Осы уақытқа дейін дизайнер оның сыртқы түрін, бекіткіштердің астындағы тесіктердің орналасуын сызып үлгерсе, ал токарь бұл деректерді компьютерге салады. Диск 5-6 рет қайралады және осы уақыт ішінде ол бес есе жеңілдейді. Мұндай өңдеуден кейін қанша қалдық қалатынын ойлай беріңіз. Сондықтан соғылған дискілердің айтарлықтай қымбатқа түсетіні таңқаларлық емес. Олардың әрқайсысы үшін зауытта жеке төлқұжат шығарылады.

Соғылған дискілер әдемі, сонымен қатар олар құйылған дискілерге қарағанда жеңіл. Оған қоса, қатты соққыға сыр бермейді, майысса да қалпына келтіруге болады. Бірақ, оларды қалыпқа келтіру күрделі болғандықтан біраз уақыт пен қомақты қаржыны қажет етеді.

Құйылған және соғылған дискілердің ұқсас болатынын ескеріп, сатушыларға алданып қалмау қажеттігін есте ұстаңыз!



Құрама (құрама, жиналмалы)

Бұл нағыз энтузиастарға арналған тауар. Мұндай дискілер кем дегенде 5 бөліктен құралады. Бірнеше элементтердің кез келгенін зақымдалған кезде ауыстыруға болады немесе қажет болған жағдайда дискінің кейбір параметрлерін реттей аласыз.

Жиналмалы бөлшектер әртүрлі қорытпалардан тұруы мүмкін. Нәтижесінде доңғалақ ғаламат көрініске ие болады.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Қар басқан аулада көлікті ҚАЛАЙ БАСҚАРУ КЕРЕК?


Қысқа сапарлар КӨЛІКТІ БҰЗАДЫ - бұл рас па?