Мұны білмейтін жүргізушілер көптеген қауіпке тап болады.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Неліктен дәл аулада деп сұрайсыз ба? Себебі, көбіне тәжірибесіз жүргізушілер қыста қар басқан жолда емес, аулада тұрып қалады. Тиісінше, аулада көлікті зақымдау ықтималдығы да жоғары. Сонымен қатар, қазір көптеген жүргізушілер қыста көлік жүргізу жайлы ақпараттарды іздейді де, дәл осы аулада басқару жағын ескере бермейді. Сол себепті де осы тақырыпқа қатысты кеңестерді ұсынып отырмыз.
1. ГАЗДЫ ҚАТТЫ БАСПАҢЫЗ
Даңғыл жолда тез жүру үшін газды қатты баау қажеттігі айтпаса да түсінікті. Ал, қар басқан аулада бұл керісінше болуы қажет. Әйтпесе, көлік қар құрсауында қалып, сүйреп, күрекпен астын тазалауға тура келеді. Ең басты шешім – сүйреу емес, алға-артқа баяу қозғалыспен жүру. Алға жылжу кезінде тайғанай бастағанын сезсеңіз, сәл артқа қарай жылжытқан дұрыс. Содан кейін қайтадан мұқият алға ұмтыласыз. Дөңгелектердің қарда айналып қалуын болдырмау үшін жүрісті екінші редукторда жасаған дұрыс. Өйткені, көлік доңғалағы қалың қарда неғұрлым тез айналса, соғұрлым қарды қазып, тұрып қалу қаупі жоғарылайды. Бұл уақытында артқа шегініп, қайтадан алға жүру әдісін бірнеше рет жасағаннан әлдеқайда қиын. Сондай-ақ, мұндай проблемаларға мүлдем тап болмаудың бір амалы бар. Ол – қар басқан аумаққа көлікпен бармау.
2. РУЛЬДІ БҰРЫҢЫЗ
Енді рөлді қалай басқару керек дегенге келейік. Қар басқан аулада руль көбіне бұрылуға ғана емес, алға қарай жүруге де көмектеседі. Себебі, қар біртекті болып көрінгенімен, әртүрлі деңгейде болады. Оның астындағы жол да әр түрлі. Сондықтан егер автомобильді тіке бағытта жүргізу қиын болса, рульді оңға-солға бұрудан тартынбаңыз. Бұл әдіс сізге міндетті түрде көмектеседі.
Қар асқан аулада руль, газ бен тұрақ тежегішін ережеден тыс әрекетке де қолдануға болады. Ол тұрақтағы екі көліктің арасынан оңай шығуға көмектеседі. Бірақ, бұл әдіс мол тәжірибені қажет етеді. Әйтпесе, сіз ойлағандай болмауы мүмкін. Сонымен: тұрақ тежегішін іске қосып, рульді берік ұстап, қажет бағытқа бұрасыз да, газды қатты басып қаласыз. Артқы дөңгелектер орнында қалады да, көліктің алдыңғы бөлігі жолға шығады. Ары қарай жүрісті әдеттегідей жалғастырасыз. Бірақ, бұл әдіс алдыңғы дөңгелектері тартатын көліктер үшін тиімді екенін ұмытпаңыз! Сондай-ақ, мұндай жағдайда тұрақ тежегішінің дұрыс жұмыс істейтіндігі өте маңызды. Олай болмаған жағдайда, алдыңызда тұрған көлікпен соқтығысасыз. Сонымен бірге, рульді қатты бұрып тұрып газды бірден басу да көлікке зиянын тигізеді. Сондықтан мұны тек төтенше жағдайда ғана пайдаланыңыз.
3. ТҰРАҚҚА САНАЛЫ ТҮРДЕ ҚОЙЫҢЫЗ
Таңертең ауладан шығудың қиындығын жеңілдету үшін әрекетті тұраққа дұрыс қоюдан бастау қажет. Әрине, көлікті қалаған жерге қоюға мүмкіндік болса.
- Біріншіден, көлікті алға-артқа еркін жүргізе алатындай бос орынға қою қажет.
- Екіншіден, көлікті тар жол қалған жерге қоюға болмайды. Себебі, басқа көліктер де таңертең тайғанап жүріп, автомобиліңізге соқтығысып қалуы мүмкін. Мұны дер кезінде байқамасаңыз, көлікті өзіңіз жөндетуге тура келеді.
- Үшіншіден, көлікті аулаға үнемі келетін қоқыс таситын көліктің жолында қалдырмаған дұрыс. Жалпы, қоқыс жәшіктерінен аулақ болған дұрыс. Себебі, қоқыс көліктері әрдайым жәшіктерді ары-бері қозғалтып жұмыс істейді. Бірақ, қаншалықты мұқият болатынын ешкім дөп басып айта алмайды.
- Төртіншіден, тұраққа тоқтамас бұрын, қар басқан жолға алға-артқа жүріп із салып қойыңыз. Өйткені, көлік тұрған жердегі қар еріп, таңға дейін мұз болып қатуы ықтимал. Сосын, сырғанағанның көкесін көресіз.
- Бесіншіден, көлік доңғалақтарының ойықтарға тура келмеуін бақылау қажет. Бұл жағдайда да дөңгелектер мұзға айналған шалшықпен бірге қатып қалуы мүмкін.
4. ӨЗІҢІЗДІ ҒАНА ЕМЕС, ӨЗГЕЛЕРДІ ДЕ ОЙЛАҢЫЗ
Ауладағы жағымсыз жағдайларға себепкер болу да абырой әпермейді. Сондықтан кейбір сақтық ережелерін сақтаған зиян тигізбейді. Ең бастысы – өзге көлікпен арақашықтықты сақтау. Әсіресе, қар басып, мұз қатқан аулада.
Сонымен қатар, ауланың тар жолында келе жатқан басқа көлік кез-келген бағытқа қарай тайғанап кететінін есте ұстаңыз. Оған қоса, көлікті тар жолдың бүйірі не бұрылысына қалдырмаған дұрыс.
Жалпы алғанда, қарлы ауладағы ең үлкен қауіп – асығыс немесе бәрінен қорқатын тәжірибесіз жүргізуші. Егер, сіз қобалжымай, асықпай және қорқынышты жеңе отырып осы кеңестерді іске асырсаңыз, міндетті түрде пайдасы тиеді. Аулада бірнеше сантиметрдің өзі көп нәрсені шешетінін есте ұстаған жөн. Бірақ, бұл сантиметрлердің барлығын уақытында көріп, дұрыс пайдалану керек. Егер сіз газды ойланбай бассаңыз, көлікті қарға көміп тастасаңыз, тұраққа дұрыс қоймасаңыз, қиындыққа тап боласыз. Демек, мұның бәрі рульде кім отырғанына байланысты.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Апаттық сынақтардың нәтижелері бойынша ЕҢ ҚАУІПСІЗ КӨЛІКТЕР анықталды
КӨЛІК шанағы ТОЗБАСЫН ДЕСЕҢІЗ