ЖАУЫН-ШАШЫН кезінде жүргізуші үшін ең ҚАУІПТІ сәт

0
1 046

Осы сәтте айрықша абай болған жөн


ЖАУЫН-ШАШЫН кезінде жүргізуші үшін ең ҚАУІПТІ сәт

Көктем мен күздің күтпеген жерден бастала салатын жауын-шашыны көлік жүргізушілеріне әртүрлі қиындықтар тудырады. Тамшылар терезені тұмшалап, көруді нашарлатады. Жол тайғақ болып, көлік жүргізу қаупін арттырады. Мұндай ауа-райында көлік жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды.

Жауын-шашын кезінде апатты жағдайларды болдырмау үшін автокөлікті қалай басқару керек?


Қай кезде жол өте тайғақ?

Алғашқы жаңбыр тамшылары бірен-саран түсе бастаған сәтте жол әлі құрғақ деп ойлаймыз. Сондықтан жүргізушілердің көбі жылдамдықты төмендетпей немесе мәнерін өзгертпестен жүруін жалғастырады. Алайда жаңбыр басталғаннан кейінгі алғашқы 10-15 минут – ең қауіпті сәт.

Жолда үнемі мұнай өнімдерінің қалдықтары болады: мұнай, бензин, күйе, шаң. Асфальт бетіне алғашқы тамшылар түскенде, жол бетінде су, шаң, кір және басқа компоненттердің әсерінен (бензин, май) пленка қабаты пайда болады. Салдарынан жол өте тайғақ болып, жалаңаш мұзда жүргендей әсер береді. Сондықтан, жаңбырдың алғашқы тамшылары түсе бастағаннан-ақ жылдамдықты азайтыңыз, оқыс бұрылыс жасамаңыз, тежегішті кілт баспаңыз. Және рульді екі қолмен мықтап ұстаңыз.

10-15 минут ішінде араласқан жаңбыр суы мен мұнай өнімдері жол жиегіне қарай ағып, жолдың тайғақтығы аз да болса төмендейді.


Жылдамдық пен тежегішті бақыла

Жаңбырлы күндері жолдың беті тайғақ болып, үйкеліс азаяды. Газды не тежегішті бірден басу көлікті басқарудан айрылуға әкелуі мүмкін. Бірқалыпты жылдамдықпен жүру (ең дұрысы – 50 км/сағ), күрт бұрылыстар мен жылдам тежеуді болдырмау қауіпті азайтады.

Қатты нөсер жауып кетсе, көлікті тоқтатып, қолайсыз ауа-райын күту – ең ақылға қонымды шешім болар еді.

Жалпы, күзде жаңбыр жауып тұрмаса да, баяу жүру қажеттігін есте ұстаңыз. Әсіресе, асфальт әлі толық кеуіп үлгермеген немесе жол үстінде жапырақтар болса. Мұндай кезде жол жабыны мен доңғалақ арасындағы байланыс нашар болады. Жылдамдық қатты болса, қандай да бір оқыс жағдайда жол апаты орын алуы мүмкін.


Шыны тазалағыш пен шина

Жаңбырлы маусымда шыны тазалағыштардың мінсіз жұмыс істеуі өте маңызды. Ол әйнектен жаңбыр суын толықтай дерлік кетіріп, жүргізушінің анық көруін қамтамасыз етуге тиіс.

Дөңгелекті де елемеуге болмайды. Тозған, желініп, тегіс бола бастаған шиналар дымқыл жолда таюға бейім.


Арақашықтық қандай болуы керек?

Сонымен қатар, көліктер арасында тиісті қашықтықты сақтау өте маңызды. Жаңбырлы күндері көлік құралының тежеу қашықтығы артады. Сондықтан, алдыңғы көліктен ұзағырақ қашықтықты сақтау жүргізушілерге көбірек уақыт береді және артқы жақтан соқтығысуды болдырмайды. Ереже бойынша, мұндай кезде арақашықтык екі көліктің ортасына бес автокөлік сиятындай болуы керек.


Абайсыз жаяу жүргіншілер

Жауын-шашын кезінде жаяу жүргіншілер сақтықты аздап ұмытады. Дәл сол сәтте «көлік қағып кетуі мүмкін» деген қауіп пен «үстім су болатын болды» деген қорқынышы теңесіп кеткендей болады. Кейбірі тіпті алдыңғы қауіпті естен шығарып, екіншісін көбірек ойлайды. Жан-жағына қарауды азайтып, жол үстінде, жүргіншілер жолағында жаңбырдан бас сауғалап жүгіретіндер көбейеді. Бұл жағдайда да сізді төмен жылдамдықпен жүру құтқарады. Ал жаяу жүргіншілер жолағына жақындағанда ертерек қамданып, тежегішті жаймен баса бастаңыз.

Көріп отырғаныңыздай, жаңбырда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жүргізу ережелері аздап өзгереді. Дегенмен оның бәрі дерлік өте қарапайым, жүргізушіден арнайы дайындықты қажет етпейді. Ең бастысы, межелі жерге тезірек жету емес, дін аман жетудің маңыздырақ екенін естен шығармасаңыз болғаны.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Автокөліктердегі мультимедиялық жүйе ҚАЛАЙ ДАМЫҒАН?