ХАЛВА қосып та күлше жасауға болады

0
5 011

Халва қосылған печенье жеп көрдіңіз бе?


ХАЛВА қосып та күлше жасауға болады

Халваның өте тәтті өнімдердің бірі екенін білесіз. Өзіне тән ерекше дәмі де бар. Осындай ерекше әрі тәтті халва қосылған күлшенің дәмін көргіңіз келсе, төмендегі рецепттер бойынша дайындап көріңіз. Үй жағдайында мұндай печеньені пісірудің еш қиындығы жоқ. Ендеше іске сәт!


Халва қосылған тәтті печенье

Қажетті өнімдер:

  • 2,5 стақан ұн
  • 200 гр. сары май
  • 2 дана жұмыртқа
  • 200-300 гр. халва
  • 100 гр. қаймақ
  • ½ шай қасық ас содасы
  • ¼ шай қасық тұз
  • Дәміне қарай ванилин қосамыз.

Дайындалу тәсілі:

  1. Ұн мен сары майды бір табаққа салып, қолымызбен үгітеміз.
  2. Сосын бір жұмыртқаны жарып салып, екіншісінің тек ақуызын қосамыз. Сары уызды күлшенің бетіне жағуға алып қаламыз.
  3. Енді осы араласпаға қаймақ пен ванилинді, тұзды қосып, жақсылап араластыру керек.
  4. Егер қамырды илеп болғаннан кейін қолға жабысатын болса, тағы да жарты стақандай ұн қосуға болады.
  5. Қамырды 20 минуттай тоңазытқышқа салып қою керек. Кейіннен қамырды алып, 2 немесе 3 бөлікке бөлеміз. Бірінші қамырды жұқалап жаямыз.
  6. Халваны қолмен үгітіп, жайылған қамырға себелеп шығамыз. Содан соң қамырды ораймыз. Бетіне сары уызды жағып, орамамызды шағын күлшелерге бөліп, кесіп шығамыз.
  7. Пешті 180 градусқа дейін қыздырып, печеньені 40 минут бойы пісіреміз.


Өсімдік майы мен халва печеньесі


Қажетті өнімдер:

  • 120 гр. халва
  • 2 дана жұмыртқа
  • 2 ас қасық өсімдік майы
  • 150 гр. ұн
  • 1 шай қасық қамыр қопсытқыш
  • Шым-шым тұз.

Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен күнжітті ұнтақтап аламыз. Кез келген халва түрін қолдана беруге болады.
  2. Халваға 2 жұмыртқаны, өсімдік майын, тұзды салып, жақсылап араластырамыз.
  3. Егер сіз күлшенің тәтті болғанын қаласаңыз, қосымша қант қоссаңыз да болады.
  4. Ұн мен қамыр қопсытқышты араластырып алып, жұмыртқаға саламыз да, жұмсақ қамыр илейміз.
  5. Қамырды кішірек бөліктерге бөліп, домалақтаймыз да, пісте дәніне бір аунатып аламыз. Болмаса қамырды тұтастай пешке салып, қалаған формаңызда кессеңіз де болады. Қалай жасасаңыз да күлшенің дәмі өзгермейді. 180 градусқа қыздырылған пеште мұндай күлше 12-15 минутта дайын болады.


Шоколадты күлше


Қажетті өнімдер:

  • 70 гр. қант ұнтағы
  • 140 гр. күнжіт
  • 160-170 гр. ұн
  • 120 гр. сары май
  • 1/3 шай қасық қамыр қопсытқыш
  • 1 жұмыртқаның сары уызы
  • 1 шай қасық лимон шырыны
  • 150 гр. шоколад
  • 8 гр. ванильді қант
  • 1 ас қасық күнжіт майы.

Дайындалу тәсілі:

  1. Күнжіт дәнін кофеұнтақтағышпен майдалап алыңыз.
  2. Жұмсақ сары майды қант ұнтағымен араластырып, миксерлейсіз. Арасында ванильді қантты, жұмыртқаның сары уызын қосуды ұмытпаңыз. Осылайша араласпа кремге айналғанша миксерлеу керек.
  3. Күнжіт майын құйып, ұнтақталған күнжітті саламыз. Барлығы біркелкі массаға айналғанша араластырасыз.
  4. Соңында қамыр қопсытқыш пен лимон шырынын, ұнды аз-аздан қосасыз.
  5. Қамырдың басы бірікпеуі керек. Сәл ғана түйіршіктеніп тұруы керек. Осы қалыпта қамырды тоңазытқышқа 30 минутқа салып қоясыз.
  6. Форманы майлаудың қажеті жоқ. Қамырды оқтаумен жайып, төртбұрышты қалыпта кесіп шығамыз да, пергамент қағазы салынған табаға жайғастырамыз.
  7. Күршелерді бір-біріне жабыстырмай салыңыз.
  8. 180 градусқа дейін қыздырылған пеште, печенье 15 минутта пісіп шығады.
  9. Енді шоколадты ерітіп, осы қоймалжыңға күлшелерді батырып аламыз. Шоколадты күлшелерді тоңазытқышқа салып қойсаңыз, тезірек қатады. Содан соң қолға жабыспайтын болады.


Қаймақ пен халва қосылған күлше


Қажетті өнімдер:

  • 2 дана жұмыртқа
  • 100 гр. қант
  • 2-3 ас қасық қаймақ
  • 90 гр. маргарин
  • 1 пакет қамыр қопсытқыш
  • 2 стақан ұн
  • Қалауыңызша халва қосасыз.

Дайындалу тәсілі:

  1. Алдымен жұмыртқаның ақ уызы мен сары уызын бөліп аламыз. Сосын сары уызына қант қосып, жақсылап араластыру керек.
  2. Осы араласпаға қаймақ қосып, біркелкі массаға айналғанша араластырамыз.
  3. Ұн мен қамыр қопсытқышты араластырып, електен өткіземіз.
  4. Араласқан ұнға жұмсақ сары майды салып, үгітіп шығамыз.
  5. Сосын барлық қоспаларды біріктіріп, қамыр илейміз.
  6. Дайын қамырды 1 сағаттай тоңазытқышқа салып қою керек.
  7. Осы уақыт өткеннен кейін қамырды 5 мм қалыңдықта жайып, арнайы форманың көмегімен дөңгелектеп кесіп шығамыз.
  8. Ал, домалақ күлшелердің ортасын кішірек пластмасса қақпақпен басып шықсаңыз, ортасы шұңғылданатын болады.
  9. Осы шұңғыл жеріне халваны салып шығу керек. Табаға пергамент қағазын салып, күлшедерді орналастырамыз да, 180 градусқа қыздырылған пеште пісіреміз.
  10. Дайын күлшелерді арнайы тарелкаларға салып, дастарханға ұсына беруге болады.

Дайындаған: Жайна Тынышбек,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


ТӘТТІ ЖЕМЕЙТІНДЕРГЕ арналған ДӘМДІ чизкейктер


Қырыққабатты ЕКІ-АҚ күнде ашытуға болады