Бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы көбейеді.
ERNUR.KZ. 2020 жылдан бастап бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы көлемінің деңгейі нақтыланды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы көбейеді, яғни бірінші, екінші және үшінші балаға - 100 776 теңгеге дейін (38 АЕК), төртіншісі үшін - 167 076 теңгеге дейін (63 АЕК)», - деп аталып өткен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінде.
Сонымен қатар, жұмыс істемейтін әйелдер үшін бір жасқа дейінгі баланы күтуге ай сайынғы жәрдемақы: бірінші балаға - 15 276 теңгені (5,76 АЕК), екінші балаға - 18 061 теңгені (6,81 АЕК), үшінші балаға - 20 819 теңге (7,85 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаларға - 23 603 теңгені (8,9 АЕК) құрайды.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы табысына қарамастан төленеді. Оның мөлшері 16 973 теңгені құрайды.
«Мүгедек баланы кәмелеттік жасқа дейін тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушысына, қамқоршысына (қорғаншысына) тағайындалған және төленетін жәрдемақы мөлшері 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 43 657 теңгені құрайды (1,4 ЕТКД). Осындай мөлшерде бала кезінен бірінші топтағы мүгедек баланы күту бойынша жәрдемақы төленеді», - делінген министрліктің ақпаратында.
Еске сала кетейік, 2020 жылдан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізу жоспарланып отыр. Бұл жәрдемақы отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде тағайындалады: 4 балаға - 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға - 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы 7 пайызға өседі, бұл ретте оның ең төменгі мөлшері 38 636 теңгені құрайды. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 5 пайызға ұлғаяды, оның ең төменгі мөлшері 16 839 теңге болады.