2025 жылдан бастап жаңа 2 000 теңгелік банкноталар қолданысқа енгізіледі

0
86


2025 жылдан бастап жаңа 2 000 теңгелік банкноталар қолданысқа енгізіледі

ERNUR.KZ. Ұлттық банкке қарасты қорларды талдау және жоспарлау басқармасының бас маманы Әсел Ақтілеу 2025 жылдан бастап жаңа 2 000 теңгелік банкноталар қолданысқа енгізілетінін айтты. Оның айтуынша, 2012 жылғы үлгідегі ескі банкнота ауыстырылады, деп жазады Stan.kz.


Ұлттық банктің дерегіне сенсек, 2024 жылғы үлгідегі жаңа дизайнмен номиналы 2 000 теңгелік банкноталарды айналымға шығарады.

Осыған байланысты қорларды талдау және жоспарлау басқармасының бас маманы Әсел Ақтілеу жаппай қолданысқа бұл банкноталар 2025 жылдың екінші тоқсанында беріле бастайтынын айтты.

"Еліміздің барлық аймағына жеткізу үшін және жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және басқа да кассалық техникалар) бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет. Банкноталарды айырбастау және айналымда қатар жүру кезеңінде белгілі тәртібі бар. Номиналы 2 000 теңгелік жаңа банкноталар 2024 жылғы 25 желтоқсаннан бастап айналымға енеді және 18 ай бойы айналыстағы 2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік ұлттық валюта банкноталарымен ауыстырылады", – деді Әсел Ақтілеу.

Оның айтуынша, осылайша ескі үлгідегі барлық банкнота бір жарым жылдың ішінде айналымнан біртіндеп алынады. Тиісінше, банкноталар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноталарды екінші деңгейлі банктердегі немесе банк филиалдарындағы жаңа банкноталарға айырбастаудың қажеті жоқ.

Жаңа және ескі үлгідегі банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі 2025 жылдың 25 желтоқсаннан 2026 жылдың 24 маусымына дейінгі аралықты қамтиды.

"Ол кезең аяқталғаннан кейін, яғни 2026 жылғы 24 маусымнан бастап барлық банк пен Қазпоштада ескі үлгідегі банкноталарды 3 жылда яғни 2029 жылғы 25 маусымға дейін жаңа үлгідегі банкноталарға айырбастауға мүмкіндік бар. Ал банк филиалдарында мерзімсіз айырбастауға болады. Жаңа үлгідегі (2024 жылғы) және ескі үлгідегі (2012 жылғы) банкноталар айналымда қатар жүретін кезеңде заңды төлем құралы болып саналады. Төлемдер мен аударымдардың барлық түрін жүзеге асыру үшін, банк шоттарына аудару үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында оларды атаулы құнына қарай қабылдауға міндетті екенін атап өтеміз", – деді банк маманы.

Фото: Ұлттық банк / Әсел Ақтілеу

Бұдан бөлек мұнда "Сақ стилі" жаңа сериясынан үшінші банкнота ретінде шығарылатыны айтылды.

Мәліметтерге сенсек, ол қазақы ою-өрнектің бастау негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін "Сақ стилі" элементтеріне негізделген.

Банкнотаның бет жағындағы элементтер:

  • Құс пен "Өмір ағашының" бұтағы (Есік қорғаны, б.з.д. 5-4 ғғ.).
  • ДНҚ спиралі мен шексіздік символы (табиғат пен адамның байланысын білдіреді).
  • Мүйізді жануардың бейнесі (Қызылтоған қорғаны, б.з.д. 7-6 ғғ., молшылық пен байлық символы).

Банкнотаның артқы жағындағы элементтер:

  • Ақбөкендер және ою-өрнекті қалқан (құндылықтарды қорғау, күннің орталық белгісі – жасампаз энергия мен өмір символы).
  • Ақбөкеннің басы (№4 қорған, б.з.д. 7 ғғ.).
  • Бурабай көлінің бейнесі және "шексіздік" контуры (табиғаттың сұлулығы мен ұлттық мақтаныш).