50 миллион теңгеге қызметтік үй сатып алған әкім жазаланды

0
1 169

Әкімдік сатып алған бес бөлмелі пәтер жаңа құрылыста орналасқан, оның аумағы 220 шаршы метрден асады.


50 миллион теңгеге қызметтік үй сатып алған әкім жазаланды

ERNUR.KZ. Павлодар облысының әкімі қала басшысына сөгіс жариялады, деп жазады sputniknews.kz.

Тәртіптік жазаға әкімдіктің бюджет есебінен 49,9 миллион теңге тұратын қызметтік пәтер сатып алуы себеп болды, бұл өңірдің тұрғын үй нарығындағы орташа бағадан әлдеқайда қымбат.

Бұл жаңалық павлодарлықтардың наразылығын туғызған еді: әлеуметтік желі қолданушылары мемлекеттік қызметкерлер үшін неліктен элиталық жылжымайтын мүлік сатып алынғанын түсінбей дал болды.

Әкімдік сатып алған бес бөлмелі пәтер жаңа құрылыста орналасқан, оның аумағы 220 шаршы метрден асады.

Қызметтік тұрғын үйде Павлодар қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Әнуар Күмпекеев тұрады деп жоспарланған, алайда баспасөздің сұрағына оның орынбасары Аян Бейсекин жауап берді. Ал облыс әкімінің алдында Күмпекеевтің өзі жауап беруіне тура келді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қала басшысы бюджет қаражатын тиімсіз жұмсағаны үшін сөгіс алды.

Өңір басшысы аймаққа ауысып келген мемлекеттік қызметшілерді пәтермен қамтамасыз етуге қарсы емес, алайда тым қымбат баспананы сатып алудың қажеті жоқ. Оның айтуынша, халыққа жақын болу үшін қарапайым көпқабатты үйді таңдау қажет.

Сонымен қатар, Болат Бақауов сатып алынып қойған пәтерлерді басқа тұрғын үйге ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды, ал оларды кезекпен жетім балаларға беруді тапсырды.