Қазақстандық продюсер Баян Алагөзова “Қыз Жібек” фильміндегі Жібектің қамзолына қатысты дауға жауап берді.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Ол киімнің ешбір ресми құжатта тіркелмегенін, оны жылдар бойы қарапайым әйел сақтап қалғанын айтты, деп жазады stan.kz.
Баян Алагөзова қазір Стамбулда Босфор жағасында отырғанын айтты. Ол “Қыз Жібек” фильміндегі ұлттық мұра саналатын қамзол төңірегіндегі дауға сол жерде отырып пікір білдірді.
“Шабаданымды ашып, телефоныма қарасам, WhatsApp-та шу болып жатыр екен. “Қыз Жібек” фильміндегі ұлттық мұра саналатын қамзол олигархтың әйелінің қолына өтіп кетіпті деген әңгіме тарап жатыр. Оған қоса менің атым да, атағым да, елімнің мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегім де жоққа шығарылып отыр. Сондықтан журналистер алдымен “олигарх” дегеннің не екенін анықтап алыңыздар. Менің күйеуім олигарх емес, ол адал кәсіпкер әрі мемлекетке қомақты салық төлеп отырған адам”, – деді продюсер.
Баян Алагөзованың айтуынша, қамзолды 30 жыл бұрын қоқысқа тастауға жібергенде, бір қарапайым әйел сақтап қалған.
“Неге осы қамзол 50 жылдан аса уақыт ешкімге керек болмады? Осы уақытқа дейін оның қайда екенін ешкім сұрамады? “Қыз Жібек” фильмінің басқа костюмдері қайда? Оларды кім сақтады? Ешкім сақтаған жоқ. Бұл қамзолды 30 жыл бұрын қоқысқа тастауға жібергенде, бір қарапайым әйел сақтап қалған. Ешбір мемлекеттік орган, басшылық “ұлттық фильмнің костюмдері қайда?” деп сұрамаған. Себебі ол кезде ешкімге керек болмаған. Ал енді құжат бойынша әлдеқашан жойылуы тиіс болған бұл қамзол бәрінің “жанына бататын” тақырыпқа айналды”, – дейді Алагөзова.
Продюсердің сөзінше, бұл киім еш жерде ресми тіркелмеген және ұлттық балансқа алынбаған.
“Ұлттық костюмді бір әйел үйінде сақтап келген. Кейін ол мұражайға емес, сенімді қолға бергісі келді. Өйткені мұражайға жылына 30 адам ғана келеді. Мысалы, “Қазақфильм” музейіне қанша адам барады? Онда қандай костюмдер бар, білесіздер ме? Ал мен бұл камзолды насихаттаймын. Ертең оның 600 көшірмесін тігіп, халыққа танытамын. Бұл бұрыннан жоспарлаған идеям”, – деді продюсер.
Баян Алагөзова ұлттық мәдениетті 16 жылдан бері насихаттап келе жатқанын айтты.
“16 жылдан бері өз қаржыммен қазақ қыздарының сұлулығын, ұлттық мәдениетті насихаттап келемін. 2026 жылды “Қыз Жібек” фильміне және Меруерт Өтекешеваға арнаймын деп шешкенмін. Сондықтан келесі жылы өтетін байқауда осы қамзолдың көшірмелерін жасап, үлкен жоба ретінде көрсетемін. Болмаса мұражайға өткіземін”, – деді продюсер.
Продюсер бұл костюмді өзінде сақтап, оны насихаттайтынын жеткізді.
“Егер біз заң үстемдігі бар елде өмір сүрсек, кез келген тарихи немесе құнды зат жеке адамның қолында болуы мүмкін. Оны тек сатып алуға болады. Себебі бұл камзол еш жерде тіркелмеген, ешкімнің меншігі ретінде көрсетілмеген. Егер сол әйел сақтамағанда, әлдеқашан жойылып кетер еді. Сондықтан бұл қамзол менде қалғанына келісейік. Мен оны насихаттаймын, құндылығын арттырамын. Бұл Гүлфайрус Ысмайылова жасаған әсем дүниені дәріптеу. Егер қарсы болсаңыздар оны аукционға қоя аламын, бірақ олай істемеймін”, – деді продюсер.
Сонымен қатар продюсер өзін талқылаған көпшілікке ренішін білдірді.
“Шыны керек, мен не істесем де, ұлттық деңгейдегі жаңалыққа айналады. Неге екенін білмеймін? Оны маған берген әйел: “Бұл дүниені сен ғана дұрыс сақтай аласың” деді. Ол туысым да, танысым да емес. Жай ғана 30 жыл қоймада жұмыс істеген, осы қамзолды қоқысқа тастатпай сақтап қалған адам. Мен не істесем де, жақсылық үшін істеймін. Бірақ неге екені белгісіз, мені жек көретіндер көп. Әсіресе әйелдер”, – деді продюсер.
Десе де продюсер қазақ әйелдерін қолдайтын көп жобаны жүзеге асырып жүргенін айтты.
“Жақында өткізген “Алтын хан” байқауы да әйелдің мәртебесін көтеру үшін жасалған жоба. Бірақ соған қарамастан сын айтушылар бар. Бәрін тек жақсы ниетпен жасаймын. Бұл қамзол да менің қолыма сол ниетпен түсті. Сондықтан ұлттық дәстүрді, ұлттық киімді насихаттауды жалғастырамын. Өркениетті елдерде кез келген адам тарихи тұлғалардың заттарын сатып алып, иелене алады. Мысалы, менде Роза Бағланованың костюмі бар. Болашақта да ұлы әйелдердің киімдерін сатып алғым келеді”, – деді продюсер.
Баян Алагөзова бұл қамзолды халыққа танытып, әрі қарай сақтайтынын жеткізді.


