Ә. Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай іргелі іс-шаралар жыл бойы жалғасты

0
254

Айтулы мерейтойда республика көлемінде және халықаралық деңгейде әдеби-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, жазушының тұлғалық бет-бейнесі ұлықталып, көркем еңбектері насихатталып жатыр.


Ә. Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай іргелі іс-шаралар жыл бойы жалғасты

ERNUR.KZ. 22 қазан – қазақ прозасының классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туған күні. Биыл төл туындылары арқылы қазақ мәдениетін халықаралық деңгейге шығаруға атсалысқан әдебиет алыбының туғанына 100 жыл толды. Айтулы мерейтойға жыл басынан бері республика көлемінде және халықаралық деңгейде түрлі әдеби-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Еліміздің әр аймағында өткізілген шаралар арқылы жазушының тұлғалық бет-бейнесі ұлықталып, көркем еңбектері насихатталып жатыр.


Наурызда С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында оқырмандар конференциясы өтті. Кештің негізгі тақырыбы жазушының атақты «Қан мен тер» романына арналды. Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университет пен С.Торайғыров университетінің студенттері шығарма төңірегінде пікірталас өткізіп, өз ойларын ортаға салды. Жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған бейнематериал көрсетіліп, «Ұлы қаламгер, кемеңгер тұлға» атты арнайы кітап көрмесі қонақтардың назарына ұсынылды.

Дәл осындай әдеби кеш Атырау қаласындағы Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында да ұйымдастырылды. «Әдебиет – ардың ісі» атты шарада студенттер жазушының кітапхана қорындағы шығармаларымен танысып, арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалады.


Ауқымды шаралардың бірі – қыркүйек айында Зайсан қаласында өткен ғылыми-тәжірибелік конференция. Бұл шара облыстық мәдениет басқармасы мен лингвистика орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Жиында филолог ғалымдар, тіл дамыту орталықтарының мамандары, әдебиет зерттеушілері мен білікті ұстаздар жазушының өмірбаяны, еңбек жолы мен шығармашылығы жайлы түрлі тақырыпта баяндама жасады. Шығармаларын терең талдап, оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесіне ерекше тоқталды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мұрасын зерттеу және оны келер ұрпаққа насихаттау маңызды міндет екенін айтты.

Аудандық «Поэзия» жастар театрының өнерпаздары жазушының шығармаларынан үзінділер оқып, мерекелік сазды бағдарлама ұсынды. Конференция соңында қатысушылар жазушы шығармашылығына арналған кітап көрмесімен танысты.


«Әлем танған Әбдіжәміл» тақырыбымен Алматы қаласында Халықаралық жазушылар конференциясы өтті. Конференцияға отандық және шетелдік танымал ақын-жазушылар, әдебиет сыншылары мен қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Ғылыми-практикалық шараның соңына қарай Әбдіжәміл Нұрпейісов тұрған үйде ескерткіш тақта орнатылды.

Кинорежиссер С. Әзімовтың «Соңғы сапар» фильмі көрсетіліп, ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты еңбектер жинақталған кітап көрмесі, «Достық үйінде» фотокөрме ұйымдастырылды.

ҚР Ұлттық кітапханасындағы «Ғибратты ғұмыр» көрмеcіне кітапхана қорынан автордың мақалалары, қоғам қайраткерлері, замандастары мен достарының мерзімді басылым беттеріне жарияланған естеліктері, материалдары қойылған.


Шетелдік шаралардың көші Қытайда басталды. Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі «KSAC»-тың (қазақстандық студенттердің Қытайдағы қауымдастығы) студенттерінен құралған «Оқырмандар клубымен» бірлесіп Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100-жылдығына арналған дөңгелек үстел өткізді. Бейжің қаласында болған шарада проза алыбының «Қан мен тер» кітабы насихатталды. Іс-шара аясында Ә. Нұрпейісовтің шығармашылық жолы, автордың әдебиетке қосқан үлесі жайлы ақпараттар айтылды. Студенттер «Қан мен тер» трилогиясында суреттелген қазақ елінің тарихи кезеңдері, адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы пікір алмасты.


Сонымен қатар, қазанның 21-інде Майндағы Франкфуртта (Германия) ғылыми-әдеби кеш ұйымдастырылды. Шараны ұйымдастырушы – Қазақстанның Бас консулдығы. Кешке жазушылар, ғалымдар, баспа ісінің мамандары, «Отандастар қоры» өкілдері мен шетелдегі қазақ диаспорасының мүшелері қатысты.

Кеш барысында Ә. Нұрпейісовтің әдеби еңбектері және әлемдік әдебиетке қосқан үлесі бағамдалды. Оған қоса өзге мемлекеттерде қазақ мәдениетін насихаттау, салт-дәстүрімізді дәріптеу, шетелдегі қазақтардың тілі мен мәдениетін сақтау мәселелері талқыланып, шешімдері мен ұсыныстар жасалды. Бұл шараның шетелде тұратын қазақтар үшін маңызы зор. Жергілікті қазақ ұлтының өкілдерімен ынтымақтастықты нығайту бағытындағы бастамалар талқыланды.Сонымен қатар Қазақстаннан Германия нарығына шығуға ниетті кәсіпкерлерге ақпараттық көмек көрсету, қазақ балаларына арналған жазғы лагерьлер ұйымдастыру туралы да сөз болды.


Қорыта айтқанда, қазақ әдебиетінің қайталанбас суреткерінің жүз жылдық мерейтойына орай еліміздің түкпір-түкпірінде іргелі іс-шаралар жоғары деңгейде өтті. Қыркүйек-қазан айларының өзінде өңірлерде 50-ге тарта шара ұйымдастырылды. Басылым беттерінде қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы 200-ден астам мақала жарық көріп, телеарналардан «Орындалмаған аманат», «Абыз ғұмыр» атты деректі фильмдер және түрлі сюжеттер көрсетілді.


Жазушы жайлы

Әбдіжәміл Нұрпейісов еңбектері мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Жазушы «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстанның «Отан» ордендерімен марапатталған. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Соғыс жайлы естеліктерін қағаз бетіне түсіруден басталып, соңы үлкен романға айналумен аяқталған «Курляндия» туындысы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықты иемденген. Бұл кітап кейінірек жарық көріп, қазақ әдебиетінің алтын қорына енген «Қан мен тер» трилогиясының негізі болды. Жазушының тағы бір шоқтығы биік еңбегі – «Соңғы парыз» дилогиясы. Арал теңізінің апатқа ұшырау хикаясын әсерлі баяндаған осы еңбегі үшін әдебиетші Шолохов сыйлығымен марапатталған.

Ә. Нұрпейісов шығармалары әлем әдебиетінде де жоғары баға алған. Еңбектері отыздан астам шет тіліне аударылып, қазақ әдебиетін халықаралық деңгейге көтеруге үлесін қосты.

Әдеби туындылар жазумен қатар, Әбдіжәміл Нұрпейісов қоғам қайраткері ретінде де белсенді болып, біршама еңбек сіңірді. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, лайықты қызмет атқарды. «Жұлдыз» журналы редакциясында бас редактор болып жұмыс істеді. Халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенті болды. Аталған клуб жанынан «Таң-Шолпан» әдеби-көпшілік журналын шығарумен айналысты.

Ә. Нұрпейісовтың қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Туған халқының рухани әлемін терең зерттеп, ұлттың тағдыры мен адамның ішкі сезімдерін эпикалық тұрғыда шебер бейнелеген сөз зергерінің туындылары келер ұрпақ үшін құнды мұра.

Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ