Абай облысында жоғалған әйел батпақты жерден табылды

0
146

Ол қатты қорыққандықтан, өздігінен қозғала алмаған.


Абай облысында жоғалған әйел батпақты жерден табылды

фото:polisia.kz

ERNUR.KZ. Абай облысында полицейлер жоғалып кеткен әйелді тауып, аман-есен туыстарына табыстады. Іздеу шаралары шамамен 18 сағатқа созылды, деп жазады tengrinews.kz.

17 маусым күні сағат 00:36-да "102" арнасына Курчатов қаласының 46 жастағы тұрғынының жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Алдын ала мәліметтер бойынша, әйел үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған.

Хабарлама түскен бойда полиция қызметкерлері Төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірлесіп іздеу шараларына кірісті. Іздестіру барысында қала көшелері, аулалар, қараусыз қалған ғимараттар мен іргелес аумақтар мұқият тексерілді.

Арада 17 сағат 46 минут өткенде учаскелік полиция инспекторлары Ержан Исайнов пен Заңғар Асқарұлы әйелді қаладан шамамен 25 шақырым жердегі өзен жағасынан тапты.

Әйел адам қалың шөп арасында, баруы қиын батпақты жерде болған. Ол қатты қорыққандықтан, өздігінен қозғала алмаған. Оған жету үшін полицейлердің біріне батпақты жермен жалаң аяқ жүруге тура келген.

Полиция қызметкерлері әйелді қауіпсіз жерге шығарып, қажетті көмек көрсетті. Кейіннен ол аман-есен туыстарына тапсырылды.

Жақындарының айтуынша, олар қатты мазасызданып, оның тағдырына алаңдаған. Полицейлердің жедел әрекеті, кәсібилігі мен табандылығының арқасында іздестіру шаралары сәтті аяқталды.