Айыппұлдың қосарланып келуі техникалық іркіліске байланысты - полиция

0
556

​Елордада кейбір жүргізушілерге жол жүрісі ережесін бұзғаны үшін айыппұлдың қосарланып келу фактісі тіркелген.


Айыппұлдың қосарланып келуі техникалық іркіліске байланысты - полиция

ERNUR.KZ. Мұндай жайттың неліктен орын алғанын Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқарасының бастығы Елжан Шүпеков түсіндірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Кез келген техникада миллионнан бір қателік кететіндігі сөзсіз. Бірақ, ол өте сирек орын алатын жағдай. Бұл - таза техникалық қателік. Мұндай жағдайда азаматтар бізге жүгінуі қажет. Біз тексеріс жүргізетін боламыз. Яғни, бізде адами фактор мүлдем жоқ. Мұның барлығы да техникалық себептерге байланысты болады», - деп түсіндірді Елжан Шүпеков ҚазАқпарат тілшісінің сауалына орай.

Айта кетейік, таяуда әлеуметтік желі қолданушыларының бірі көлік жылдамдығын рұқсат етілген шектен асырып жібергені үшін 2 айыппұлдың арасы 2-3 минуттық интервалмен келгенін жазған болатын.

«Жылдамдықты асырғаным үшін екі айыппұл жіберіпті. Біріншісінің уақыты - 2021 жылдың 28 желтоқсаны күні сағат 10:17, ал екіншісі – дәл сол күні сағат 10:20. Бірінші айыпұл сомасы – 7 293 теңге, екіншісі 15 315 теңге. Бір уақытта 3 минуттық айырмашылықпен ғана. Айыппұлды төледім. Бірақ, мұның қаншалықты заңды екенін білгім келеді. Меніңше, бір ереже бұзушылыққа екі төлем жасаған сияқтымын. Өйткені, бірінші жылдамдық асырғанымды тура бағыттағы «Сергек» камерасы, екіншісін 3 минуттан кейін қарсы бағыттағы камера түсірген. Демек, тура бағыттағы камера көліктің артынан түсіруі керек еді. Ал маған келген ұйғарымның екеуінде де көлік алдынан түсірілген», - деп жазды Гүлнұр Әбішева Facebook парақшасында.