Айыппұлдың мөлшері өседі - жол ережесіне енгізілетін өзгерістер

0
813

Бүгінде жылдамдықты асыру жол апаттарының негізгі себебі болып отыр. Кейбір көлік жүргізушілері қаланың ішінде рұқсат етілген жылдамдықтан екі, тіпті, үш есе қатты жүреді.


Айыппұлдың мөлшері өседі - жол ережесіне енгізілетін өзгерістер

ERNUR.KZ. Қазақстанда депутаттардың бастамасымен жол ережелеріне өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Бүгінде заң жобасы дайын. Ал төменгі палатаның тиісті комитеті оны қарастыруға кірісті, деп жазады sputnik.kz.

Жылдамдық үшін айыппұл артады
Мәжіліс депутаттары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 592-ші бабына (Белгіленген жүру жылдамдығын арттыру) өзгеріс енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, жылдамдық режимін сағатын 60 шақырымға және одан артық асырғаны үшін 40 АЕК (2024 жылда – 147 680 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Ал осы құқық бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұлдың мөлшері 60 АЕК-ке (2024 жылда – 221 520 теңгеге) өседі.
Ал қазігі жол қозғалысы ережелерінде жылдамдық режимін бұзудың бірнеше сатысы бар.
Олар:
  • белгіленген жылдамдықты сағатына 10-20 шақырымға асырғаны үшін айыппұл - 5 АЕК (18 460 теңге);
  • белгіленген жылдамдықты сағатына 20-40 шақырымға асырғаны үшін айыппұл - 10 АЕК (36 920 теңге);
  • белгіленген жылдамдықты сағатына 40 шақырымға және одан артық асырғаны үшін айыппұл - 20 АЕК (73 840 теңге);
Депутаттар жаңа өзгерісті не үшін енгізді
Бүгінде жылдамдықты асыру жол апаттарының негізгі себебі болып отыр. Кейбір көлік жүргізушілері қаланың ішінде рұқсат етілген жылдамдықтан екі, тіпті, үш есе қатты жүреді.
"Мәселен, 2021 жылы Астанадағы камералар сағатына 160 шақырыммен жүрудің 14 фактісін тіркеді. Рұқсат етілген жылдамдық - сағатына 60 шақырым. Одан 100 км/сағ артық болып тұр. Бұдан бөлек, сағатына 180 шақырыммен жүрудің төрт фактісі тіркелді. Сонда жылдамдықты 120 шақырымға асырып жіберген. Жалпы, республика бойынша ондай 607 жағдай тіркелді. Былтыр Алматы мен Жамбыл облыстарында сағатына 220-230 шақырыммен жүргендер де анықталды. Осыған байланысты рұқсат етілген жылдамдықты айтарлықтай асыратын тұлғалардың жауапкершілігін күшейту ұсынылып отыр", - дейді депутаттар.
Сондай-ақ көлік жүргізушілер жауапкершіліктің бар екенін біле тұра, қаланың ішінде қатты жүреді. Ал жол апатында көз жұмған азаматтар аз емес.
Ресми мәліметке сәйкес, 2022 жылда жылдамдықты асырудың салдарынан 3 668 жол апаты тіркелді. 985 адам қайтыс болды.
Мопедтерді тіркеу қажет
Жол ережесіне тағы бір өзгеріс енгізіледі. Оған сәйкес, мопед, трицикл және квадрацикл сиқты құралдарды мотоциклдерге теңестіріледі. Оларды да тіркеуге қою міндеті енгізіледі. Осыған байланысты тиісті шектеулер болады.
Олар:
  • рульден ұстамай жүруге;
  • бір доңғалақпен жүруге;
  • ұзындығынан немесе енi жағынан 0,5 метрге артық шығып тұратын жүктердi немесе басқаруға кедергi келтiретiн жүктердi тасымалдауға;
  • 16 жасқа толмаған жолаушыларды артқы орында тасымалдауға;
Заңда велосипедтерге қатысты өзгерістер де болады. Депутаттар аспалы қозғалтқышы бар велосипедтерді кәдімгі велосипедтерге теңестіруді ұсынып отыр. Сонда ондай құралдарды тіркеудің қажеті болмайды.
Орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл болады
Бұл бастама көптен бері талқыланып келеді. Осы жолы оны заң жүзінде бекітуге шешім қабылданды.
Бүгінде көлік жүргізушілері республикалық маңызы бар жолдарда қатты жүреді. Ал камераларға жақындағанда жылдамдықты азайтады да, өтіп кеткеннен кейін қайтадан қатты жүреді. Соның салдарынан жол-көлік апаттары болып жатады.
  • Орташа жылдамдықты есептеу тәртібі:
  • трассаның басында және аяқ жағында бейнекамералар бар;
  • бірінші камера көліктің жолға шыққанын тіркесе, екіншісі келген уақытын тіркейді;
  • екі камераның уақытымен автоматты түрде көліктің трассамен жүрген орташа жылдамдығы есептеледі;
  • көлік жүргізушісі орташа жылдамдықты асырып жіберсе, айыппұл салынады;
Қазір республикалық маңызы бар жолдарда белгіленген жылдамдық сағатына 140 шақырымды құрайды.