АҚШ Ақтау және Құрық порттары арқылы Ауғанстанға арнайы жүктерін тасымалдайды

0
1 514

​Мәжілісте АҚШ-тың Ауғанстан тұрақтылығы мен қайта қалпына келтіру жөнінде іс-қимылға қатысуына байланысты Қазақстан арқылы жүк тасымалдауға қатысты хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.


АҚШ Ақтау және Құрық порттары арқылы Ауғанстанға арнайы жүктерін тасымалдайды

Мәжілісте АҚШ-тың Ауғанстан тұрақтылығы мен қайта қалпына келтіру жөнінде іс-қимылға қатысуына байланысты Қазақстан арқылы жүк тасымалдауға қатысты хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов 16-18 қаңтардағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында мемлекет басшылары қазақстандық-америкалық қарым-қатынастарды кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жоғарылату туралы бірлескен мәлімдеме қабылдағанын атап өтті.

"Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру Вашингтонның сыртқы басымдықтарының бірі болып саналады. Сондықтан Вашингтонда өткен келіссөздер барысында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесі бойынша уағдаластыққа қол жеткізілген болатын.Президент Дональд Трамп Ауғанстанға тұрақты логистикалық жәрдем беру және жол ашу әрі гуманитарлық көмекті күшейтуге үлес қосу арқылы АҚШ-тың оңтүстік Азия жөніндегі стратегиясын қолдауға Қазақстанның берік ұстанымы үшін президент Назарбаевқа ризашылығын білдірді", — деп баяндады министр.

2010 жылдың 20 маусымында АҚШ-тың Ауғанстанды тұрақтандыру және қайта қалпына келтіруге қатысуына байланысты Қазақстан Республикасы мен АҚШ үкіметтері арасында еліміздің аумағы арқылы арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылған.

"Сонымен қатар, 2010 жылдың 12 қарашасында қол қойылған Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы АҚШ-тың Ауғанстанды тұрақтандыру және қалпына келтіруге қатысуына байланысты Қазақстан аумағы арқылы жүк пен персоналдың әуе транзиті туралы келісім бар. Өткен жылы америкалық тарап Ауғанстанға арнайы жүктерді тасымалдау бағытына өзгерістер енгізу туралы өтініш білдірді. Атап айтқанда, америкалық тарап Солтүстік тарату желісіне Ақтау және Құрық порттарын енгізуді ұсынды. Оларға арнайы жүктерді Әзербайжаннан Каспий теңізі арқылы Қазақстанға және одан әрі теміржолмен Сарыағаш-Келер немесе Бейнеу-Қарақалпақстан арқылы Өзбекстанға және Ауғанстанға жеткізу мүмкіндігін береді", — деді Әбдірахманов.

Оның айтуынша, қол қойылған хаттама келісімнің шын мәнін өзгертпейді. Ақтау және Құрық порттары өткізу пунктерінің тізімін толықтырады.

"Желісінің қызмет етуі АҚШ-пен стратегиялық әріптестік және Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуды қалайтын ел ретінде Қазақстанның мүддесіне толықтай сәйкес келеді. Сонымен қатар мамандардың пікірінше, Солтүстік тарату желісі Орталық Азия транзиттік жүйесін дамытуға жағымды әсерін тигізеді әрі еліміздің логистикалық инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді", — деді ол.