Ақша аударымдарына арналған биометрия: Қазақстанда бақылауды күшейту ұсынылды

0
198

Бұған дейін Қазақстандағы банкаралық мобильді төлем жүйесіндегі бір операция лимитін екі есеге - 500 мыңнан бір миллион теңгеге дейін арттыру жоспарланып отырғаны туралы хабарланған болатын.


Ақша аударымдарына арналған биометрия: Қазақстанда бақылауды күшейту ұсынылды

Фото: depositphotos.com

ERNUR.KZ. Ұлттық құрылтай мүшесі, депутат Ерлан Саиров 14 пен 22 жас аралығындағы азаматтардың ақша аударымдарына қосымша биометриялық растау енгізуді ұсынды. Бастама жастарды дропперлікке тартылудан қорғауға бағытталған, деп жазады tengrinews.kz.

Бұл ұсыныс "Әділет" партиясы фракциясының Бас прокурорға, Ішкі істер, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрлеріне және Қаржылық мониторинг агенттігіне жолдаған депутаттық сауалында айтылды.

Саировтың айтуынша, білім алушыларды ақшалай сыйақыға банктік шоттар ашуға және оларды басқа адамдарға беруге қызықтырады. Бұл ретте оқу орындарындағы профилактикалық жұмыстар мен құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл деңгейі жеткіліксіз болып отыр.

Депутат белгілі бір сомадан асқан жағдайда 14 пен 22 жас аралығындағы азаматтар үшін жеке тұлғалар арасындағы аударымдарды биометриялық растау тетігін қарастыруды ұсынды.

Сондай-ақ фракция студенттік шоттарды сыйақы үшін басқаға беру фактілерін ерте анықтау мақсатында банктер, құқық қорғау органдары мен оқу орындары арасында жедел ақпарат алмасуды жолға қоюды ұсынып отыр.

Неге бақылауды күшейту ұсынылып отыр?

Саиров келтірген мәліметтерге сәйкес, 2026 жылғы маусымға қарай дропперлікке қатысты аяқталған істер бойынша 214 күдіктінің 159-ы 18 бен 29 жас аралығындағы адамдар болған. Бұл ретте 140 адам құқық бұзушылық жасаған кезде еш жерде жұмыс істемеген.

"Мәселені тек қылмыстық қудалау жолымен шешу мүмкін емес. Қаржылық бақылау, қылмысқа қарсы іс-қимыл және жастарды әлеуметтік қолдау шаралары өзара байланысты болуы тиіс", - деп атап өтті депутат.

Тағы қандай шаралар ұсынылды?

Оқу жылының алғашқы 15 күнінде бірінші курс студенттеріне есірткі қылмысы мен банктік шоттарды үшінші тұлғаларға беру қаупі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды. Бұл жұмысқа оқу орындарының қызметкерлерін, психологтар мен құқық қорғау органдарын тарту жоспарланған.

Фракция мұқтаж колледж студенттері үшін тегін тамақтануды, киім-кешекке арналған ваучер және күнделікті ақы төленетін қысқа мерзімді жұмыс орындарын қарастыруды ұсынды.

Сондай-ақ депутаттар ведомстволардың міндетін, ақпарат алмасу тәртібін, орындалу мерзімі мен бірлескен жұмыс көрсеткіштерін айқындауға шақырды.

Бұған дейін Қазақстандағы банкаралық мобильді төлем жүйесіндегі бір операция лимитін екі есеге - 500 мыңнан бір миллион теңгеге дейін арттыру жоспарланып отырғаны туралы хабарланған болатын. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов айтты.

Оның сөзінше, мәселе биыл 19 шілдеде іске қосылған бірыңғай QR аталатын банкаралық мобильді төлем жүйесі туралы болып отыр. Ол QR-код арқылы төлем жасап қана қоймай, банктер арасында телефон нөмірі бойынша аударымдар жасауға мүмкіндік береді.