Бұдан бөлек, марқұмның пәтеріндегі жылу мен судың ақысы екі жыл бойы төленеді.
фото: Акимат Павлодарской области
ERNUR.KZ. Павлодар облысының Ақсу қаласында дауыл кезінде қаза болған әйелдің барлық кредитін әкімдік төлеп береді, деп жазады sputnik.kz.
Ақсу әкімдігінің мәліметінше марқұм Марина Пахомованың отбасына келесідей қаржылық қолдау көрсетілді:
жұмыс істеген еңбек кезеңі үшін өтемақы;
БЖЗҚ-дан бөлінген жерлеу рәсіміне арналған қаражат;
жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қаражат.
Жиналған барлық қаражат жерлеу рәсімін ұйымдастыруға, ас беруге, сондай-ақ ескерткіш тас сатып алуға жұмсалды. Мұның барлығымен волонтерлар айналысып жатыр.
Жаназа рәсімінде туған-туыстарын тасымалдау үшін автобус берілді.
"Сондай-ақ Kaspi Bank, Halyk bank және "KMF" МҚҰ-дағы несиелері төленеді. Бұдан басқа, 2025-2026 жылдар кезеңі үшін (екі жыл) қаза болған адам тұрған пәтердегі жылу мен судың коммуналдық қызметтеріне ақы төленеді", - деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетейік, Ақсу қаласында дауылдан құлаған ағаштың бұтағы таксиде отырған әйелдің кеудесіне кіріп кеткен болатын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 57 жастағы әйелдің оқиға орнында көз жұмғанын хабарлады.