Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Вице-премьер ұшақтың зақымдану себебін айта алмады

0
104

2024 жылдың 25 желтоқсанында таңертең Бакуден Грозныйға бағыт алған AZAL әуе компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағы Қазақстанның батысында, Ақтау маңында апатқа ұшырады.


Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Вице-премьер ұшақтың зақымдану себебін айта алмады

фото: видеодан скрин

ERNUR.KZ. Вице-премьер Қанат Бозымбаев брифингте өткен жылдың желтоқсанында Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясының ұшағы не себепті зақымданғаны туралы сұраққа жауап берді, деп жазады tengrinews.kz.

Тілшілер вице-премьерден "Алдын ала тергеу барысында ұшаққа "Сыртқы объектілердің енуі" салдарынан "тұтас тесіп өткен" зақым келгені айтылды. Тергеу комиссиясы осы нұсқаны әлі ұстанып отыр ма, әлде басқа нұсқа бар ма?" деп сұрады.

Қанат Бозымбаев бұл сұраққа былай деп жауап берді:

"Фюзеляж ішінде сыртқы объектілердің сынықтары табылды, олар толықтай тергеу-оперативтік топпен алынды. Қазір бұл заттарды Қазақстанның Бас прокуратурасы жарылыс-техникалық криминалистикалық сараптамаға жіберді. Біз сол сараптама қорытындысын күтіп отырмыз. Тек сол сараптама негізінде нақты не болғанын айтуға болады. Көзбен қарағанда – мен өзім де сол тесіктерді көрдім, қолмен ұстап та көрдім. Сондықтан қандай да бір қорытынды тек криминалистикалық және жарылыс-техникалық сараптама нәтижесіне сүйеніп жасалады. Біз ұшақтың қашан зақымданғанын білеміз, бірақ немен зақымданғанын білмейміз. Осы "немен зақымданғанын" анықтау үшін құқық қорғау органдары тағайындаған екі сараптаманың нәтижесі қажет", – деді вице-премьер.

Біз Бас прокуратура бұл сараптамалардың қорытындысын қашан ұсынатынын да нақтылауға тырыстық.

"Оны айту қиын. Өкінішке қарай, мұндай қару түрі Қазақстанда жоқ. Сондықтан Бас прокуратура бұл мәселеге қатысты тиісті елдерге сұрау салды", – деді Бозымбаев.


Еске салайық, 2024 жылдың 25 желтоқсанында таңертең Бакуден Грозныйға бағыт алған AZAL әуе компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағы Қазақстанның батысында, Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам, соның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. 38 адам қаза тауып, 29 адам аман қалған.