Ақтауда жаңғыртылған Caspi Bitum зауыты іске қосылды

0
145

Жаңғырту нәтижесінде зауыттың жылдық мұнай өңдеу қуаты 50%-ға артып, 1 миллион тоннадан 1,5 миллион тоннаға дейін ұлғайды.


Ақтауда жаңғыртылған Caspi Bitum зауыты іске қосылды

Ақтауда «Caspi Bitum» БК» ЖШС жаңғыртылған битум зауыты ресми түрде іске қосылды. Бұл – Қазақстанның инфрақұрылымдық дамуы үшін стратегиялық маңызы бар нысан. Жоба ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып, елдің энергетикалық және көлік тәуелсіздігін нығайтудың маңызды кезеңін білдіреді, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.

Жаңғырту нәтижесінде зауыттың жылдық мұнай өңдеу қуаты 50%-ға артып, 1 миллион тоннадан 1,5 миллион тоннаға дейін ұлғайды. Бұл еліміздегі мұнай өңдеу көлемін арттыруға елеулі үлес қосады. Ең маңызды жетістік – стратегиялық өнім болып саналатын жол битумының өндірісі 50%-ға артып, жылына 750 мың тоннаға жетті. Бұл Қазақстанның жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қажетті сапалы битумға деген ішкі сұранысын толық дерлік өтеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бұл «Күшті өңірлер – ел дамуының драйвері» секілді мемлекеттік бағдарламалар аясында жол инфрақұрылымын дамытуға серпін береді. Сонымен қатар, битум өндірісінің артуы импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықта жеткізілім мен бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл – бүкіл ел аумағындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін өте маңызды.

«Отандық битум өндірісінің 50%-ға өсуі жолдарды салу мен жөндеу қарқынын жеделдетуге, олардың сапасы мен ұзақмерзімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – инфрақұрылымды дамытуға, логистиканы жақсартуға және түптеп келгенде, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға салынған тікелей инвестиция. Аталған жоба – еліміздің мұнай өңдеу және мұнай-химия өнеркәсібін ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатқа сай, шикізаттық бағыттан терең өңдеуге көшудің айқын үлгісі», – деді ҚР Энергетика министрлігі Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаев.

Жаңғырту жобасы аясында 140 тонна салмаққа ие 40 метрлік вакуумдық колонна орнату, ЭЛОУ-АВТ қондырғысын жаңарту, мыңдаған метр құбырлар мен кабельдер тарту, заманауи автоматтандыру жүйелерін енгізу сынды күрделі технологиялық жұмыстар атқарылды. Бұл – Қазақстандағы инженерлік-техникалық әлеуеттің жоғары деңгейін айғақтайды.