Жеміс-жидектің иісі шығатын сүтке тұтынушылардан сұраныс артқан.
ERNUR.KZ. Ақтаулық фермер Руслан Жинкин 40-тан астам ешкі бағып, сүтінен сарысу, ірімшік, йогурт жасап саудалап отыр. Шағын кәсіпорында 6 адам жұмыс істейді. Былтырдан бері алма, шырша дәмі шығатын ешкі сүтін жергілікті базарларға жеткізіп келеді. Ал биылдан бастап апельсин, мандарин, банан секілді экзотикалық жеміс-жидекті күнделікті мал жеміне қосып бере бастаған, деп хабарлайды Хабар 24.
Фермер Руслан Жинкин күнделікті берілетін жемге цитрус жемістері қосылғалы бері ешкілердің сүтті молырақ бере бастағанын байқапты. Ашатұяқты үй жануарлары әсіресе апельсин, мандаринді сүйсініп жейді екен. Алма мен шырша бүршігін өткен жылдан бері тұрақты беріп отырғанын айтады. Нәтижесінде дәмі өзгеріп, сүттен жеміс-жидектің иісі шыға бастапты. Өз кезегінде тұтынушылардан сұраныс артқан.
«Жаңа жыл мерекесінен соң шырша, самырсын ағашын қоқысқа тастамай ешкілерге беріп көрдім. Сүйсініп жегенін көріп, арнайы сатып ала бастадық. Көп ұзамай тұтынушыларымыз ешкі сүтінен шырша дәмінің шығатынын айтып, жиі тапсырыс бере бастады. Апельсин жей бастағасын сұраныс тіптен артты», - дейді шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Жинкин.
Осылайша, ерекше дәмді сүт Сексек ата түлігінен сауылып алынады. Жеке кәсіпкер Руслан Тараз қаласының тумасы. Мал шаруашылығына жастайынан араласқан. Асылтұқымды ешкі өсіру ойы Ақтауға келгесін жүзеге аса бастапты. Қала іргесіндегі шаруашылықта заанен, англо-нубиялық түрлері бағылады. Шөптің шүйгінін, судың тазасын ішетін талғампаз түліктің әрқайсы жылына ең кемі 3-4 лақ туады.
«Бұл ешкілер күніне екі мезгіл сауылады. Таңертең және кешке 2 литрден көп сүт аламыз. Майлылығы 6-7 проценттен аспайды. Өз кезегінде жаңа туған сәбилердің денсаулығына аса пайдалы. Өздігінен бала емізе алмайтын немесе емізуден арылуды ойлап жүрген аналарға да жеткізіп беріп отырмыз», - дейді ешкі фермасының қызметкері Хасан Разуметов.
Ешкі фермасы орта есеппен тәулігіне 150 литрдей сүт береді. Яғни ірімшік, сүзбе, сарысу, йогурт әзірлеуге де жеткілікті. Фермердің ендігі жоспары түлік басын көбейтіп, өзге аймақтарды да экологиялық таза өніммен қамту.