104 жастағы Жақыбай Бисенғалиева өз учаскесінде ең бірінші болып дауыс берді.
ERNUR.KZ. Ақтөбеде 104 жастағы Жақыбай Бисенғалиева өз учаскесінде ең бірінші болып таңдауын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе облысы бойынша 500-ден астам сайлау учаскесі бар. Оның 150-і облыс орталығында. Ал Теміржол депосында орналасқан сайлау учаскесінде 2700-ден астам адам тіркелді. Бүгін дәл сол учаскеде тіркеуде тұрған 104 жастағы Жақыбай Бисенғалиева жарты сағат бұрын келіп, ең бірінші болып таңдауын жасады.
"Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын! Болашақ президент мейірімді болса деген тілегім бар", - деді қария.
Айта кетейік, Жақыбай Бисенғалиева Ақтөбе облысы, қазіргі Хромтау ауданы, Қызылсу ауылындағы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ойы зерек, білімге құштар болған Жақыбай Бисенғалиева хат танығанымен, ауылда молда болмады. Сөйтіп оның талабы орта жолдан кесілді. Ал 30-жылдары ауылға орыстар қоныстанып, қарапайым тұрғындар жер жыртып, көкөніс еге бастады. Анасы науқас, әкесі отбасын өзі асыраған кезде Жақыбай әже де қарап қалмады. Үйдің бар ауыртпалығын көтеріп, таңнан кешке дейін еңбек етті. Бауырларына қамқор болып, олардың аяқтанып кетуіне көмектесті. Сөйтіп өзі кеш тұрмыс құрды. Отағасы Ғабит Бисенғалиев қызметте болды. Жас отбасының бұл қуанышы ұзаққа созылмай, Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. Соғыстан аман-есен оралған соң үш бала сүйді. Қазір жеті шөбересі бар, өзі немересінің қолында тұрады.
"Өзім барлық сайлауға қатыстым. Жаяу көп жүре алмаймын, бірақ балам көлікпен келген соң таңдауымды жасадым. Заманымыз тыныш болсын, бұл таңдау балаларымызға керек", - деді қария.