Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиға болған сәтте үй иесі үйіне оралып келе жатқан.
фото: BAQKZ коллажы
ERNUR.KZ. Ақтөбеде бір отбасы жалғыз баспанасынан айырылып, жақынынан көз жаздырған жарылыстың мән-жайы әлі де тергеліп жатыр, деп жазады baq.kz.
almaty.tvхабарлауынша, қайғылы оқиға 26 мамыр күні кешке болған. Туыстарының айтуынша, сол сәтте үй иесі үйіне қайтып келе жатқан. Әйел опырылған құрылыс қалдықтарының астында қалып, қаза тапқан.
Жарылыс салдарынан тұрғын үй толықтай қираған. Сонымен қатар маңайдағы бірнеше ғимарат та зақымданған. Қазір баспанасыз қалған отбасы мүшелері уақытша туыстарының үйін паналап отыр.
Марқұмның жақындары оқиғаға газдың шығуы себеп болуы мүмкін деп санайды. Олардың айтуынша, қайғылы жағдайдың алдында көшеде газ қызметінің мамандары жұмыс жүргізіп, ықтимал газ шығу дерегіне байланысты тексеру жасаған.
Туыстары жергілікті атқарушы органдардан көмек сұрағандарын да айтты. Алайда оларға қолданыстағы төлемдер тек өрт немесе су тасқыны сияқты жекелеген төтенше жағдайларға ғана қарастырылғаны түсіндірілген.
Ал құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстық іс қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша тіркелген.
Жарылыстың нақты себебін анықтау үшін бірқатар сараптама тағайындалды. Тергеу әрекеттері толық аяқталып, зерттеу нәтижелері алынғаннан кейін түпкілікті қорытынды жасалады.


