Ақтөбедегі дауыл кезінде зардап шеккен жүкті әйел жансақтау бөлімінде жатыр

0
102

Зардап шеккен қалған екі адам Байғанин аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр.


Ақтөбедегі дауыл кезінде зардап шеккен жүкті әйел жансақтау бөлімінде жатыр

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

ERNUR.KZ. Келіншекті санавиациямен облыс орталығына жеткізді. Қазір комиссия дауылдан кейінгі шығын көлемін есептеп жатыр, деп жазады inform.kz.

Ақтөбе қалалық көпсалалы ауруханасының травматолог дәрігері Айдын Жылкелдінің айтуынша, 35 жастағы жүкті әйел емдеу орталығына жеткізілген бойда жан-жақты тексеруден өтті.
— Науқас ауруханаға түскеннен кейін реаниматолог, травматолог, нейрохирург, хирург, бет-жақ хирургі, гинеколог және терапевт қарады. Тексеруден соң ем тағайындалды. Науқас жансақтау бөлімінде, дәрігерлер бақылауында. Жағдайы тұрақты, — деді дәрігер.

Зардап шеккен қалған екі адам Байғанин аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр.

Ал Ақтөбе облыстық ТЖД басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы Қайрат Аманшиннің айтуынша, екпіні күшті жел кезінде мұнара құлап, дүкен ішінде болған 6 адам құтқарылды. Оларға жедел топ шұғыл жеткен.

— Жедел құтқару жасағының құтқарушылары және кинологиялық есеп тобы жеткен соң адамдар құтқарылды. Алты адамның үшеуі — бала. Қауіпсіз жерге шығарылып, медициналық мекемеге жеткізілді. Қазір жедел топ құрылып, ауданда төтенше жағдай жарияланды. Шығын көлемі анықталады. Синоптиктердің ескертуін тұрғындарға үнемі әлеуметтік желі арқылы хабарлап отырамыз, — деді Қайрат Аманшин.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде Байғанин ауданында ұялы байланыс толық қалпына келтірілді. Мұнда екпінді желдің салдарынан «Қазақтелеком» АҚ теңгеріміндегі биіктігі 47 метр болатын металл құрастырмалы антенна-мачталық құрылғысы құлаған болатын. Бұл нысан 1975 жылы пайдалануға берілген.

— Құлаған байланыс мұнарасында «Кселл» және «Алтел» ұялы байланыс операторларының, сондай-ақ сымсыз телефон желісінің жабдықтары орналасқан. Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде қазіргі уақытта «Кселл» және «Кар-Тел» байланыс операторларының қызметі толық қалпына келтіріліп, штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Тұрғындарға ұялы байланыс қызметтері үздіксіз көрсетіліп жатыр. Байланыс мұнарасының құлауынан келтірілген материалдық шығын көлемі «Қазақтелеком» АҚ-ның орталық филиалы мен Байғанин ауданы әкімдігі бірлесіп жүргізетін бағалау жұмыстарының қорытындысы бойынша анықталады, — деп хабарлады облыс әкімдігі.

Еске салайық, Ақтөбе облысында кеше, 2026 жылғы 9 шілдеде кешкі уақытта дауыл тұрып, нөсер жауын жауып, Қарауылкелді ауылы жарықсыз, байланыссыз қалды. Бірнеше үй мен ғимараттың шатыры ұшты.