Көпқабатты үйдің ауласынан қару мен 4 оқ-дәрі тауып алып, өзін ұрған азаматты көріп, үш рет оқ атады.
ERNUR.KZ. Қалалық сотта 28 жастағы ақтөбелікке қатысты қылмыстық істі қаралды. Ж.Марат көшеден тауып алған тапаншасын заңсыз сақтап, өзін ұрған адамды атып тастады, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
№2 Ақтөбе қалалық сотында Ж.Маратқа қатысты Қылмыстық кодекстің «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру», «Бұзақылық» баптары бойынша іс қаралды.
Іс материалына сүйенсек, Ж.Марат 8 мамыр күні Марат Оспанов көшесіндегі көпқабатты үйдің ауласынан қару мен 4 оқ-дәрі тауып алады. Кейін қаруды заңсыз иеленіп, сақтайды. Сол күні Ж.Марат бұған дейін өзін ұрған Р.Ақбаевты көріп, үш рет оқ атады. Кеуде тұсы, иығы жеңіл жараланған Р.Ақбаев қаша жөнелген. Сол кезде тағы бір рет оқ атылып, қиыс кетті. Ж.Марат оқиға орнынан бой тасалап, қашып кеткен. Ал қаруын сол жердегі қоқыс жәшігіне тастай салды.
Сот отырысы кезінде Ж. Марат өз кінәсін ішінара мойындап, әйелінің туа бітті мүгедек, асырауында баласы бар екенін ескеруді сұрады. Судья Гүлнар Тлепова Ж.Маратты кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады. Сотталушы пробациялық бақылауда болады.