Ақылы жолдар тарифі тағы қымбаттайды – көлік министрі

0
498

Көлік министрінің айтуынша, ең арзан ақылы жолдар – Қазақстанда.


Ақылы жолдар тарифі тағы қымбаттайды – көлік министрі

ERNUR.KZ. Көлік министрі Марат Қарабаев ақылы жолдардың бағасын 20 процентке көтеру жоспарын түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.

Министрдің айтуынша, әрбір жолдың ақысы түрлі деңгейде көтеріледі. Себебі ең арзан ақылы жолдар – Қазақстанда: бір шақырымы – 1 теңге. Ал ақыны көтергеннен кейін 1 теңге 25 тиын болады.
"Мәселен, "Астана-Бурабай" жолының ақысы қазір 220 теңгені құрайды. Негізі, кем дегенде 400 теңге болуы керек. "Алматы-Қарағанды" жолын әлі іске қосқан жоқ. Бірақ пайдалануға берілгенде бір шақырымы үшін 1 теңге болмайды, ол анық айта аламын, шамамен, 3 теңге болады. Біз осы мәселені талқылап жатырмыз", - деді Қарабаев үкіметте өткен брифингте.
Оның айтуынша, көрші елдерде ақылы жолдың бағасы 7 есе, тіпті, 15-20 есеге қымбат.
"Біздің жүк көліктеріміз ол жаққа барғанда 7 есе қымбат төлейді. Ал олардың көліктері бізде 7 есе арзан бағамен жүреді. Әділетсіз емес қой. Біз – транзиттік елміз, сол себепті транзитпен өтетін көліктер көп. Ал отандық көлік жүргізушілері үшін 15 процентке дейін жеңілдіктер қарастырылған. Жолдың бойында тұратын халық абоненттік төлеммен жүреді", - деп атап көрсетті Қарабаев.