Ол бөліп төлеу арқылы алған үйінен 6 баласымен қуылып жатқан көрінеді.
фото: Sputnik / Владислав Воднев
ERNUR.KZ. Алматы облысында 6 баланың анасы өзін әкімдік ғимараты алдында өртемек болды, деп жазады sputnik.kz.
Оқиға 19 тамыз түске дейін болған. Жанармай құйылған пластик құты ұстаған әйел мен әкімдік қызметкерінің жанжалдасқан бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады.
Әйел дәл әкімдік ғимаратының алдында өзін өртеуге әрекеттенген, ал әкімдік маманы оны тоқтатпақ болған.
Әкімдік әйелдің Қаскелең қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлнәр Молдабекова екенін айтты.
Ол Алтын ауыл ықшам ауданындағы бөліп төлеу арқылы алған үйінен 6 баласымен қуылып жатқан көрінеді. Әйелдің айтуынша, ол қарызынан құтылған, қолында барлық құжаты бар. Бірақ үй иесі қитұрқы әрекеттерге барып, пәтерді банктен кепілден шығармай отырған көрінеді.
Оқиғаға қатысты Қарасай аудандық әкімдігі түсініктеме берді.
"Өзін өртемек болған Молдабекованың айтуынша, азамат Н. Қараев одан сот арқылы баспанасын тартып алмақ. Жауапты орган мамандары тұрғынға түсіндіру жұмыстарын жүргізді", - дейді әкімдік.
Ведомствоның мәліметінше, тұрғын әділдік іздеп, өзін өртемек болған.
"Бұл мәселе әкімдікке емес, сот органдарына қатысты. Сол саланың құзіретіне жататыны туралы тұрғынға түсіндірілді. Көпбалалы ананың проблемасы сотта шешіледі", - дейді Қарасай аудандық соты.