Алматы облысында полицей өз өмірін қауіпке тігіп, екі адамды құтқарды

0
135

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.


Алматы облысында полицей өз өмірін қауіпке тігіп, екі адамды құтқарды

Фото: Zakon.kz

ERNUR.KZ. Алматы облысында учаскелік полицей өз өмірін қауіпке тігіп, екі адамды құтқарып қалды. Бұл туралы бүгін, 2025 жылғы 15 тамызда ІІМ мәлімдемесінен белгілі болды, деп жазады zakon.kz.

Таратылған ақпаратқа сүйенсек, 14 тамыз күні Қарасай аудандық полиция басқармасына жедел жәрдем бригадасынан жеке тұрғын үйлердің бірінде жанжал болғаны туралы хабарлама түсті.

"Оқиға орнына дереу учаскелік полиция инспекторы Бахыт Ғұмаров жетті. Үйге кірген сәтте ол бір ер адамның екіншісіне ас үй пышағымен соққы жасап жатқанын көрді. Секундтардың өзі шешуші сәт болған жағдайда, инспектор шабуылдаушының қолындағы қаруды шебер қағып түсіріп, оны дереу құрықтады. Осылайша ол қайғылы жағдайдың алдын алды".

Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалға қатысушылар алкогольдік ішімдік ішкен. Келіспеушілік барысында олардың бірі ет шабуға арналған пышақпен қарсыласына бірнеше рет соққы жасап, оның өміріне қауіп төндірген. Үй иесі жанжалды тоқтатпақ болып араласқанда, өзі де жарақат алды.

"Ауыр жарақат алған жәбірленуші жансақтау бөліміне жеткізілді, ал екінші зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды",- делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.