Алматыда «Asar Baspana» қаржы пирамидасы 90 мыңға жуық адамды алдап, 25 млрд теңгесін сыпырып алған

0
210

​Олар салымшыларға ай сайын 30%-ға дейін табысты уәде еткен.


Алматыда «Asar Baspana» қаржы пирамидасы 90 мыңға жуық адамды алдап, 25 млрд теңгесін сыпырып алған

Фото: ҚМА/Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Алматыда «Asar Baspana» қаржы пирамидасын ұйымдастырып, ондаған мың адамды алдағандар сотталып кетті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Тергеу барысында қаржы пирамидасын ұйымдастырған Туғанбаев Н.М. бастаған топтың 90 мыңға жуық адамды алдап, 25 млрд теңгесін сыпырып алғаны анықталды. Олар салымшыларға ай сайын 30%-ға дейін табысты уәде еткен.

Олар ақшасын салған салымшыларға құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехын жүргізу, тұрмыстық және медициналық техника шығаратын зауыт жайлы айтып шатастырған. Ал шынтуайтында қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар өзгелерден аталмыш заттарды сатып алып, бетіне «Asar Baspana» логотипін жапсыра салған.

Салымшылар бірнәрсенің дұрыс еместігін сезіп, күдіктене бастағаннан кейін 2024 жылғы желтоқсаннан бастап ұйымдастырушылар автомагазиндердің ашылғаны және дилерлермен келісім жасалғаны туралы жалған ақпарат таратқан. Ал іс жүзінде көліктер салымшылардың салған ақшасына сатып алып, туыстарының атына рәсімделген.

«Сот үкімімен Туғанбаев Н.М. 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы үшеуінің әрқайсысына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Он үш өңірлік жетекші 5 жылға шартты түрде сотталды. Сонымен қатар, жалпы сомасы 5,6 млрд теңгеге бағаланған бұғатталған активтер жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге бағытталады. Мүліктің қалған бөлігі мемлекет кірісіне өткізіледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.