Алматыда немере інісіне қатысты бірнеше рет сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады деп айыпталған 35 жастағы ер адам ақталды.
Сурет нейрожелі көмегімен жасалған
ERNUR.KZ. Баланың туыстары сот шешімімен келіспейді: олар айыпталушының отбасы тарапынан қысым жасалғанын алға тартып, әділдік талап етті, деп жазады tengrinews.kz.
"Бізге түн ортасында жүгіріп келді"
Редакцияға 15 жастағы жасөспірімнің туысы Ж. Т. жүгінді. Оның айтуынша, Абылай (есімі өзгертілген – ред. еск.) мен оның екі қарындасы 2020 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін ата-ана қамқорлығынсыз қалған. Балаларды марқұмның туған ағасы қамқорлығына алады, оның отбасында ересек ұлы бірге тұрған.
Әйелдің айтуынша, жантүршігерлік шындық тек 2025 жылдың ақпанында ғана белгілі болған.
"17 ақпанға қараған түні Абылай үсті-басы кір, күртешесі жыртылған күйде бізге қашып келді. Ол жылап тұрып, 2022 жылдан бері, яғни 12 жасынан бері 35 жастағы немере ағасы тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырап келгенін айтып берді. Баланың сөзінше, қашып шығар алдындағы соңғы үш түнде бұл қорлық үнемі қайталанған. "Мен ол үйге қайтпаймын, егер қайтарсаңыздар, өлемін" деп бала бізге жалынды", – дейді туысы.
Отбасы дереу полицияға жүгінген. Ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі "Жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Айыптаудың егжей-тегжейі: зорлық-зомбылық және қоқан-лоқы
Іс материалдары мен айыптау актісіне сәйкес, қорлық көрсету әрекеттері 2022 жылдан 2025 жылға дейін жүйелі түрде жасалып келген. Тергеу нұсқасы бойынша, алғашқы оқиға 2022 жылдың жазында Алматы облысының Қорау ауылында болған.
"Үйдегілердің бәрі ұйықтап қалғанына көзі жеткен соң, сотталушы жас баланың дәрменсіз күйін пайдаланып, оның екі қолын жоғары көтеріп, сол қолымен қатты қысып ұстаған, содан кейін балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған", – делінген айыптау актісінде.
Сотта жәбірленушінің өзі жантүршігерлік айғақтар берді. Оның айтуынша, егер ол зорлық-зомбылық туралы тіс жаратын болса, сотталушы оны өлтіремін деп қорқытқан.
"Мен ұйықтап жатқанда ол келіп, қасыма жататын да, бірнеше минут бойы осы әрекеттерді жасап, содан кейін кетіп қалатын. Бұл бірнеше рет қайталанды. 2025 жылдың ақпанында Алматыда бұл жағдай қатарынан үш күн бойы болды. Мен шыдай алмай, әпкеме қашып кеттім", – деді бала.
Сонымен қатар Абылай сотқа қамқоршыларына шағымданбақ болғанда, олардың өзіне сенбегенін мәлімдеді. Сонымен қатар, баланың айтуынша, оны соққыға жыққан: өзге туыстары баланы қолынан ұстап тұрғанда, сотталушы оны ұрып-соққан.
Сотта баланың кәмелетке толмаған қарындасы да айғақ берді. Ол 35 жастағы туысы өзіне де тиіскенін мәлімдеді.
"2023 жылдың тамызында, түнгі сағат үшке таман ұйықтап жатқанымда, ол менің интим жерлерімді ұстай бастады. Мен оянып кетіп, оны итеріп жібердім де, айғайладым. Болған жайт туралы ешкімге айтқан жоқпын. 2022 жылы оның Абылайдың қасында жатқанын көрдім және оның: "Егер біреуге айтсаң – өлтіремін" деп қоқан-лоққы көрсеткенін естідім. Мен үндемей жата бердім", – деді қыз сотта.
Сотталушының ұстанымы: "Бұл – қызғаныш"
35 жастағы ер адам сотта кінәсін мойындамады. Ол көрсетілген кезеңде басқа аудандардағы құрылыс нысандарында болғанын айтты. Оның сөзінше, ол балаларға өз баласындай қараған, ал кикілжіңдер тек тәрбие шараларына байланысты туындаған.
"Олар үйге кеш келгенде немесе сабақ оқымағанда, өз ұлымды ұрысқандай оларды да ұрысатынмын, бірақ ешқашан қол көтерген емеспін. Ол ата-ана қамқорлығына қызғанды. Мен ешқандай зорлық-зомбылық жасаған жоқпын", – деп мәлімдеді ер адам сотта.
Сонымен қатар қорғау тарапы арам ниет туралы нұсқаны алға тартты.
Сот ақтау үкімін шығарды
2025 жылғы 29 желтоқсанда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ер адамның кінәсі дәлелденбеді деген қорытындыға келді. Сараптама нәтижелері мен айғақтардағы алшақтықтар шешуші факторларға айналған.
Сот-медициналық сараптама баладан дене жарақатын анықтаған жоқ. Генетикалық сараптама да киімдер мен төсек-орыннан сотталушының ДНҚ іздерін таппады.
Сараптама баланың психикалық ауытқулардан зардап шекпейтінін және "іс-әрекеттің мәнін түсініп, қарсылық көрсете алатынын" растады.
"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәсіз деп танылсын және қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталсын", – делінген үкімнің қарар бөлігінде.
Ер адам сот залынан босатылып, "заңсыз қылмыстық қудалау" үшін келтірілген зиянды өтету құқығы өзіне қалдырды.
"Біз оны әкесінің бейітінің басынан таптық"
Енді жақындары үкімді қайта қарауды талап етіп, қысым көрсетілгенін алға тартып отыр. Ж. Т.-ның сөзінше, айыпталушының туыстары пәтерлеріне бірнеше рет басып кіріп, арызды қайтарып алуды талап еткен. Сондай-ақ, қажетті қоғамдық пікір қалыптастыру үшін іске миллиондаған аудиториясы бар блогерлер тартылған көрінеді.
"Блогер тек айыпталушы жаққа тиімді нәрселерді ғана жариялады. Роликтерде баланың беті мен ер адамның туыстарының үйіме басып кірген сәттері көрсетілді. 2025 жылдың шілдесінде осы видео жарияланғаннан кейін Абылай өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Ол WhatsApp-та қоштасу хатын жазып, қашып кетті. Біз оны түнде әкесінің бейітінің басынан таптық", – дейді әйел.
Сонымен қатар туысы сот жүйесіндегі түсініксіз іркілістерді де атап өтті. Оның айтуынша, апелляциялық шағымды қарау белгісіз себептермен созылып кеткен.
"Апелляциялық сот 2026 жылдың 10 ақпанына тағайындалған болатын. Алайда біз келгенде шағымымыздың базада тіпті тіркелмегені белгілі болды. Істің алға жылжуы үшін үш ай уақыт кетті. Осындай кешіктірулер мен қоғамдық қысымның кесірінен адам жауапкершіліктен құтылып кете ме деп қатты қорқамыз", – дейді ол.
Прокуратура ақтау үкімімен келіспейді
Алматы прокуратурасы ақтау үкімімен келіспейтіндерін хабарлады.
"2026 жылғы 12 қаңтарда Алматы қаласы Жетісу ауданының прокуратурасы ақтау үкімінің күшін жою туралы апелляциялық өтініш берді. Қылмыстық іс Алматы қалалық сотының өндірісінде", – деп хабарлады ведомство.
Прокуратура бірінші сатыдағы істің жабық режимде қаралғанын атап өтті. Прокурор апелляция барысында актінің заңдылығы туралы қорытынды береді, соның негізінде сот түпкілікті шешім қабылдайды.
Туыстарының айтуынша, шағымды тіркеудегі ұзақ кідірістерден кейін сот отырысы бәрібір тағайындалған. Баланың жақындары Алматы қалалық сотының апелляциялық сатысында бұл шешімнің күшін жоюға қол жеткізбекші.


