​Отбасылық жүйені ДҰРЫС ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН 5 заң

0
170

Отбасы — бұл қатып қалған сурет емес, ол тірі, тыныс алатын, үнемі өзгеріп отыратын ағза.


фото: ЖИ

Біз отбасы деген жақын адамдардың, яғни күйеуі, әйелі, балалары мен ата-анасының бірлескен өмірі деп ойлауға дағдыланғанбыз. Алайда, отбасылық терапия тұрғысынан алғанда, отбасы — жекелеген адамдардың қосындысы емес, өз заңдылықтарымен өмір сүретін біртұтас жүйе, тірі ағза, дейді психолог мамандар. Онда бәрі өзара байланысты. Отбасындағы бір мүшенің мәселесі — бүкіл жүйедегі іркілістің белгісі. Бір ғана элементтің өзгеруі міндетті түрде қалғандарына да әсер етеді.

Психолог мамандар отбасылық жүйенің жұмыс істеуіне негізделген «тірі ағза» заңдылығын ұсынады. Ол заңдар сіздің отбасыңызда не себепті бәрі дәл осылай болып жатқанын ұғуға және ең бастысы — нені өзгертуге болатынын түсінуге көмектеседі.


Кез келген отбасылық жүйенің негізі болып табылатын бес заң


1-заң. Гомеостаз. Отбасы әрқашан, тіпті мәселелер туындаған жағдайда да тепе-теңдікке ұмтылады

Гомеостаз — бұл жүйенің қандай жағдайда болмасын өзінің үйреншікті қалпын, тұрақтылығын сақтауға тырысуы. Отбасы кез келген өзгеріске бейсаналы түрде қарсылық көрсетеді. Өйткені өзгеріс белгісіздік, ал белгісіздік — жүйенің өмір сүруіне төнген қауіп.

Өмірдегі көрінісі: Мысалы, күйеуі ішімдікке салынған отбасы. Бәріне қиын, әйелі жылайды, балалары үнемі қорқынышта жүреді. Бәрі оның ішімдікті қойғанын қалайтын сияқты көрінеді. Бірақ ол кенеттен ішуді тоқтатса, қалыптасқан жүйе істен шығуы мүмкін. «Құтқарушы» мен «бақылаушы» рөліне үйреніп қалған әйелі өзін жоғалтуы мүмкін. Әкесіне қарсы бірігуге дағдыланған балалар да өз араларында ұрсыса бастауы ықтимал. Сондықтан отбасы өздері қаламаса да «үйреншікті тепе-теңдікті» қайтару үшін бәрін жасай бастайды. Ол үшін жанжал шығарады немесе шиеленіс тудырады. Бұл жүйенің басқаша қалай өмір сүруді білмейтіндігінен болады.

Не істеу керек: Өзгерістерге деген қарсылық — қалыпты құбылыс екенін түсіну қажет. Отбасын өзгерту үшін оны бөлшектеп емес, бүкіл жүйемен жұмыс істеу керек. Уақытша болатын у-шу, айғайға дайын болу керек. Бұл дамудың міндетті кезеңі.


2-заң. Иерархия. Отбасында әрқашан билік құрылымы болады

Мағынасы: Кез келген тұрақты жүйеде билік вертикалы болады. Дұрыс қалыптасқан отбасында жоғарғы деңгейде ата-аналар тұрады. Негізгі шешімдерді өздері қабылдайды, жауапкершілік арқалайды және отбасылық ережелерді бекітеді. Иерархия заңы бойынша балалар төменірек орналасады. Олардың құқықтары мен еркіндігі бар, бірақ олар ата-ана бекіткен шеңберде болады.

Не істеу керек: Жұбайлық одақты нығайту. Ата-ананың өздеріне ғана тән тақырыптары, бір-біріне арналған уақыты және ортақ шешімдері болуы маңызды. Балалар «әкем мен анам ең басты адамдар, олар бізді қорғайды және оларға сенуге болады» дегенді сезінуі тиіс. Бұл балаға еркіндікті емес, қауіпсіздік сезімін береді.


3-заң. Шекаралар. Кім — жақын, кім — жат?

Мағынасы: Шекаралар жүйеге кімнің жататынын және кімнің жатпайтынын, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өзара және сыртқы әлеммен қалай араласатынын анықтайды. Шекаралар сыртқы, яғни отбасы мен орта арасындағы және ішкі - отбасы мүшелерінің, мысалы, ерлі-зайыптылар мен балалардың арасындағы болып бөлінеді.


4-заң. Айналмалы. Себеп пен салдар шеңбер бойымен жүреді

Мағынасы: Біз әдетте «бәрін ол бірінші бастады» деп кінәлі адамды іздеуге бейімбіз. Ал жүйелі ойлауда айналмалы принципі жұмыс істейді. Отбасының бір мүшесінің іс-әрекеті екіншісінің әрекеті үшін әрі себеп, әрі салдар болып табылады. Бұл — басы мен соңын табу мүмкін емес тұйық шеңбер.

Не істеу керек: Кінәліні іздеуді тоқтатыңыз. «Кім кінәлі?» дегеннің орнына «Біздің қарым-қатынасымыз қалай бұндай жағдайға жетті, неге осындай шеңберден шыға алмай жатырмыз?» деген сұрақ қойыңыз. Өз іс-әрекетіңізді өзгерту арқылы сол шеңберді бұзуға тырысыңыз. Егер әйелі сынауды тоқтатып, өтінішін басқаша жеткізсе, күйеуінде де жаңаша жауап беруге мүмкіндік туады.


5-заң. Эволюция. Өмір сүру үшін отбасы өзгеруі тиіс

Мағынасы: Отбасылық жүйе бір орында тұрмайды. Ол белгілі бір кезеңдерден өтеді: ғашықтық, баласыз жас жұбайлар, бірінші баланың тууы, мектеп, балалардың жасөспірім шағы, балалардың үйден кетуі, зейнетке шығу. Әр кезең жүйенің қайта құрылуын: жаңа ережелерді, жаңа рөлдерді және міндеттерді қайта бөлуді талап етеді.

Не істеу керек: Дағдарыс — бұл апат емес, бұл ескі ережелердің бұдан былай жұмыс істемейтіндігінің белгісі. Отбасымен бірге дамып, жаңа рөлдерді үйреніп, өткенге жабыспау маңызды.


Осы бес заңды түсіну отбасылық мәселелерге деген көзқарасты өзгертеді. Сіз күйеуіңізді «жау», балаңызды «азаптаушы», ал өзіңізді «құрбан» ретінде көруді тоқтатқан кезде, бәрі бір-біріне әсер ететін тұтас жүйені көре бастайсыз.


Отбасы — бұл қатып қалған сурет емес, ол тірі, тыныс алатын, үнемі өзгеріп отыратын ағза. Егер бір жері ауырса, бұл оның үмітсіз екенін білдірмейді. Бұл жүйенің қайта реттеуді қажет ететінін білдіреді. Кейде осы заңдарды сырттай бақылап, оларды саналы түрде өзгерту үшін маман көмегіне жүгіну де пайдалы болуы мүмкін.