Алматыда болған автобус апатына қатысты тың ақпарат

0
592

Алматыда бір адам ажал құшқан жантүршігерлік жол апатына қатысты полиция тың ақпарат таратты.


Алматыда болған автобус апатына қатысты тың ақпарат

Бейнебақылау камерасын талдаған тәртіп сақшыларының айтуынша, Абылайхан көшесімен көтерілген 98-ші бағыттағы автобус бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, 201-ші бағыттағы қоғамдық көлікпен соқтығысқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, қайғылы оқиға кезінде бағдаршам жұмыс істеп тұрған.
"МАЗ маркалы қоғамдық көліктің жүргізушісі 1987 жылы туған А. есімді азамат Абылайхан даңғылымен оңтүстік бағытта келе жатып Төле би даңғылының қиылысында бағдаршамның тыйым салынған белгісіне қарамай өтіп кетіп, Төле би даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Golden Dragon маркалы автобуспен соқтығысқан", - деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Алайда 98-ші бағыттағы автобусты тізгіндеген жүргізушінің жұбайы полиция таратқан ақпаратпен келіспейді.
"Күйеуім жылдамдықты асырмай, бағдаршамның сары түсіне өтті", - дейді Гүлзира Полатбекова.
Айтуынша, күйеуі тізгіндеген автобуспен қоса, Төле Би көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолағынан бір адамның асығыс өтіп бара жатқанын бақылау камерасынан байқауға болады.
Келіншек "бар кінәні бір ғана адамға арту – қисынсыз" деген пікірде.
"201-ші автобус жылдамдықты қатты асырып, бөгде бір нәрсеге алаңдап отырып, менің жолдасымның автобусының қақ бүйірінен соққан. Фото-видеодан қарасаңыздар, сол жағындағы көліктердің біреуі де қозғалмаған. Бәрі тоқтап тұр. Егер ол тежегішті басатын болса, сол жолда ізі жататын еді. Өкінішке қарай, біздің ішкі істер мекемесі жалған ақпарат таратып отыр. Оқиғаны бір жақты қарастырып, менің жолдасымды айыпты ретінде танып отыр", - деп қынжылды ол.
Бірақ тергеу әлі жалғасып жатыр. Полиция күдікке нақты кімнің ілінгенін де айтқан жоқ. Бір-біріне жол бермей түйіскен автобустар екі түрлі тасымалдаушы компанияға тиесілі. "Алматыэлектротранс" серіктестігі 201-ші бағытта жолаушы тасымалдайтын қытайлық жаңа автобустар ұдайы техникалық тексерістен өтетінін мәлімдеді. Компания қоғамдық көліктің тежегіші істен шықты деген ақпаратты да теріске шығарды. Өзге тасымалдаушы мекеменің өкілдері де өзіне шаң жуытпады.
"Жүргізушінің 10 жылдық еңбек өтілі бар" деген олар жауаптан қашпаймыз деп отыр.
"Жұмысына шағым болмаған. Ол кісі 2012 жылдан бері қоғамдық көлік жүргізеді. Таңертең автобус бағытқа шығар кезде медициналық куәландырудан өтеді. Техникалық қараудан өтеді. Барлық процедурадан өткен. Автобустың құжаты – түгел. Сот шешімі нақты шығып, кінәлілер анықталған кезде, егер біздің мекеме кінәлі болса, барлық шығынды өтеуге дайынбыз", - дейді City Bus ЖШС директорының орынбасары Абылай Өстемір.
Ал дәрігерлер ауруханада жатқан тоғыз адамның өміріне еш қауіп төніп тұрмағанын жеткізді. Аяқ-қолы сынып, миы шайқалған жандарға Тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр дейді дәрігерлер. Емделіп жатқандардың қатарында қос автобусты тізгіндеген азаматтар да бар. Жүргізушілердің бірі есін толық білмейді.
"Жағдайы тұрақты. Орташа ауырлықта. Жансақтау бөліміне түскен жоқ. Қабылдау бөлімінде барлық стандартқа сай ісшара жүргізіліп, стационарлық ем керек болғандықтан, сол бөлімшеге жатқызылды. Ота талап етілмейді. Тек ем-дом. Бас жарақатынан есін жоғалтқан науқастар бар", - деп түсіндірді №4 клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Нұржан Әжібеков.
Жалпы, жол апатынан зардап шеккендердің көбі сол қиылыста алаңсыз тұрған адамдар. Қайғылы оқиғаның нақты себебі мен кімнің кінәлі екені тергеу аяқталған соң белгілі болады.
Еске салсақ, Алматыда екі жолаушылар автобусы соқтығысып, бір адам көз жұмды. 15 адам жарақат алған.