Алматы полициясы кәріз құдықтарының ұрланған қақпақтарын қабылдайтын орындардың бірін әшкереледі.
ERNUR.KZ. Алматы полициясы кәріз құдықтарының ұрланған қақпақтарын қабылдайтын орындардың бірін әшкереледі, деп жазады ҚазАқпарат.
Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қабылдау пункті Медеу ауданының Жетісу көшесінде орналасқан. 40 жастағы әйел оңай олжамен келген кәріз қақпақтары мен жауын суы ағатын торларды қабылдап келген.
«Аталған мекен жайдан 6 арық торы табылды. Тәркіленген заттар коммуналдық меншікке қайтарылды. Ұсталған азаматша ұрланған затты қабылдағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бүгінде полиция Алматы бойынша ұрланған қақпақтарды қабылдайтын басқа да нүктелер туралы ақпарат жинастырып жатыр. Жақын арада оңай олжамен ақша таппақ болған үлкен қылмыстық топ әшкереленеді», - деді Департаменттің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Айта кету керек, 22 қазан күні Алматыда арнайы профилактикалық іс-шара басталды. Апталық барысында ұрланған заттарды қабылдап, одан әрі сатумен айналысатын қылмыскерлер ұсталып жатыр.
Мұның алдында полиция кәріз құдықтарының шойын қақпақтарын қолды ету фактілері туралы хабарлаған адамдарға сыйақы берілетінін мәлімдеген болатын.
Қалада ұрланған немесе сынған шойын қақпақтардың кесірінен жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі. Олардың бірі 3 сәуірде болған еді.
2016 жылы сынық люктың кесірінен тағы бір жол апаты болып, алматылық тұрғын Екатерина Парафиева екі аяғынан айырылды. Бостандық аудандық судьясы жол апатына айыпты деп танылған автобус жүргізушісінің бас бостандығын 2 жылға шектеп, 2 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге мәжбүрледі. Сонымен қатар, судья қала әкімдігіне кәріз суы люктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жеке қаулы шығарды.