Жәбірленуші бала арада бір жарым ай өткенде көз жұмды.
ERNUR.KZ. Арыста жол апатынан зардап шеккен бала арада бір жарым ай өткенде көз жұмды. Ішкі істер министрлігі баланы қаққан жүргізушіге қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.
24 маусым күні «Арыс-Монайтас» автожолындағы 42-разъезд жанында «Мерседес Бенц» автокөлігінің жүргізушісі 2011 жылы туған баланы қағып, оқиға орнынан бой тасалаған. Жол апатынан жарақат алған бала Шымкент қаласының балалар ауруханасына, одан кейін санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жөнелтілген болатын.
«Сол күні Арыс қаласының полиция басқармасы аталған факті бойынша ҚК 345-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Оқиға орнынан қашып кету фактісі бойынша жүргізушіге қатысты ҚК 347-бабы бойынша қосымша қылмыстық іс тіркеліп, бір өндіріске біріктірілді. «Мерседес Бенц» көлігінің жүргізушісінен жауап алынды. Ол кінәсін мойындады» делінген ІІМ хабарламасында.
Бүгін жәбірленуші бала елордалық ауруханада алған жарақатынан көз жұмды. Дәрігерлердің айтуынша, тиісті ем-шарамен қатар жеткіншектің басына ота жасалған.
Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалған. Қылмыстық іс ҚК 345-бабының 3-бөлігіне қайта сараланды. Тергеу жалғасып жатыр.