Көптеген кәсіпкерлер табысы аз азаматтарды өз кәсіпорындарында жұмысқа орналастырып, бизнес негіздеріне үйрете бастады.
ERNUR.KZ. Атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбек жасындағы адамдарды жұмысқа орналастыру қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Елбасының әлеуметтік қамту бастамасы көптеген кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапты. Ірі бизнесмендер мұқтаж адамдарды қолдап, қолұшын беріп, әлеуметтік бастамаларды іске асыруы аса маңызды. Бизнес идеяларды дамыту, өзінің жеке ісін ашу тәжірибесін көпшілікке берген жөн. Көптеген кәсіпкерлер табысы аз азаматтарды өз кәсіпорындарында жұмысқа орналастырып, бизнес негіздеріне үйрете бастады. Әлеуметтік мәселелер бойынша кәсіпкерлердің идеялары мен ұсыныстары бар. Біз соларды бірігіп іске асыруымыз қажет», - деді Асқар Мамин.
Сондықтан Премьер-Министр әкімдерге осындай бастамаларды белсенді қолдауды тапсырды.
«Бұған қоса, кәсіпорындардың басшыларын өз жұмыскерлерінің проблемаларына, соның ішінде тұрғын үй проблемасына назар аударуға шақырғым келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбек жасындағы адамдарды жұмысқа орналастыру, оқыту, қайта дайындау мәселесін ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Оларды барынша жұмыспен қамту қажет. Бұл жұмыстарға «Атамекен» ҰКП-ның да атсалысуын сұраймыз», - деді Үкімет басшысы.