Оқу-жаттығу 12-19 қыркүйек аралығында Жетісу облысындағы "Көктал" полигонында өтеді.
© Sputnik/Ертай Сарбасов
ERNUR.KZ. ҰҚШҰ оқу-жаттығуы аясында әскери техника Қазақстанның үш облысының аумағында жүріп өтеді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
12–19 қыркүйк аралығында Жетісу облысындағы "Көктал" полигонында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) "Шеп-2026" бірлескен оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған.
Оқу-жаттығуға дайындық аясында 7–30 қыркүйек аралығында Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының аумағында әскери техника мен жеке құрам жоспарлы түрде орын ауыстырады.
"Оқу-жаттығу барысында далалық сабақтар өткізіліп, оның аясында марш дайындығы, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау пысықталады. Іс-шаралар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жауынгерлік даярлық бойынша бекітілген жоспарларына сәйкес жүргізіледі", - деп хабарлады ведомство.
"Шеп" оқу-жаттығуы тұрақты негізде ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында кезекпен өтеді.
Қорғаныс министрлігі азаматтарды, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін және әлеуметтік желі пайдаланушыларын тексерілмеген ақпаратты таратпауға және ресми дереккөздерде жарияланған мәліметтерді ғана назарға алуға шақырды.
Ведомство жалған ақпаратты тарату және шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.


