Фото: depositphotos.com
ERNUR.KZ. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы күштік құрылымдардың әскери қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері жылына бір рет ел ішінде жолаушылар пойызымен тегін жол жүре алады. Жеңілдік тек ішкі бағыттарға қатысты, деп жазады stan.kz.
Ұлттық ұланның мәліметіне сенсек, бұл бастама әскери қызметкерлердің отбасыларына бірге демалып, еңбек демалысына шығуға немесе жақындарын барып көруге мүмкіндік беретінін айтты. Осылайша билеттерге кететін шығын едәуір азаяды.
"Тегін жол жүру құқығы тек Қазақстанның ішкі бағыттары бойынша қатынайтын жолаушылар пойыздарына ғана таралады. Сонымен бірге тиісті шығындар ұлттық компания – “Қазақстан темір жолы” қаражаты есебінен өтеледі", – деді “Жолаушылар тасымалы” АҚ экономика және тасымалды есепке алу департаментінің бас менеджері Айнұр Базарбаева.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда әскери қызметкерлердің жалақысы көтерілетінін жазған едік. Алғашқы кезең 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылды. Офицерлік құрамның жалақысы орта есеппен 20,3%, ал қатардағы және сержанттық құрамның жалақысы 33,9% өскен. Сондай-ақ еліміздегі әскери қызметкерлердің күнделікті азық құны 3 150 теңгеге дейін өсті.


