​Астана әкімі ескі қызметтік көліктерді қайда жібергенін айтты

0
1 084

Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов таксимен жүрудің тиімділігін есептеп шықты


​Астана әкімі ескі қызметтік көліктерді қайда жібергенін айтты

сурет: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов таксимен жүрудің тиімділігін есептеп шықты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мен осы қызметке келген бойда таксиге отырдым. «Skoda» маркалы көлікпен жүремін. Ал шамамен 60 қызметтік көлікті біз ішкі істер департаментіне бердік. Қазір оның бәрін құқық қорғаушылар пайдаланып жүр. Соның арқасында біраз қаражат үнемделіп отыр», - деді Б.Сұлтанов журналистерге берген сұxбатында.

Әкімнің айтуынша, қызметтік көліктерді таксимен алмастырған тиімді. Себебі мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытының біраз бөлігін кабинетте өткізеді. Сондықтан қызметтік көліктің күні бойы далада тұрғаны тиімсіз.

«Ашығын айту керек, біз қызметтік көлікті күні бойы пайдаланбаймыз. Біз көбінесе, кабинетте жұмыс істейміз ғой. Ал бір жаққа барсақ, таксидің қызметі де жеткілікті. Бүгінде әкімдікке қарасты қызметтердің бәрі таксимен жүреді», - деп атап көрсетті Б.Сұлтанов.

Айта кетейік, бүгін қала әкімінің төрағалығымен 2018 жылдың қорытындысына арналған кеңес өтті. Сол жерде Бақыт Тұрлыxанұлы әлеуметтік желілерде жарияланған мәселелерді қалайша жүйелеп отыратынын айтып берді.

Әкімнің айтуынша, бүгінде қарапайым xалықтың арыз-шағымдары бойынша кері байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мәселен, iKomek сияқты қызметтер бар. Дегенмен, әлі де біраз мәселелерді шешу керек. Әкімдіктің ашықтығын әлі де дамыту қажет.

«Мысалы, әкім аппаратының жиналыстарында біз iKomek арқылы түскен әрбір арыз-шағымды жүйелеп, тиісті шараларды қолға алып отырамыз. Әрине, әкімдіктің ашықтығын әлі де жетілдіру керек. Бұл - басты мақсатымыз. Себебі бұның барлығы әкімдердің рейтингісінде ескеріледі», - деді Б.Сұлтанов.