​«Astana LRT» экс-басшысы Талғат Арданға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды

0
102

Ардан Т. бұрын 2023 жылғы 3 мамырдағы үкіммен ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылған.


​«Astana LRT» экс-басшысы Талғат Арданға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды

Фото: primeminster.kz

ERNUR.KZ. Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз, Талғат Арданның қорғаушысының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды, деп жазады inform.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 11 қарашадағы үкімімен Ардан Т. ауыр салдарға алып келген қызметтiк өкiлеттiктерiн қызмет мүдделерiне қайшы пайдалану фактісі бойынша (ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы) бойынша кінәлі деп танылды (сырттай).

Ардан Т. бұрын 2023 жылғы 3 мамырдағы үкіммен ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, түпкілікті 9 жылға бас бостандығынан айырылған.
Оның «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы қызметін атқара отырып, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлға бола отырып, LRT құрылысы жөніндегі жобаны іске асыруды бұзғанын, нәтижесінде бұрын Қытайдың мемлекеттік даму банкінен алынған 257,6 млн АҚШ долларын, яғни 85,9 млрд теңгеге баламалы (ҚРҰБ 2016 жылғы желтоқсандағы валюталардың ресми бағамына сәйкес) «Астана LRT» ЖШС қайтармаған және ол тиісінше нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған.
Осылайша, Ардан Т. қызмет мүдделеріне қайшы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, нәтижесінде оның заңсыз әрекеттері «City transportation systems» ЖШС-не аса ірі мөлшерде, яғни 85,9 млрд теңге сомаға материалдық залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соқтырды.
Сот үкімімен келіспеген сотталушының адвокаты апелляциялық шағым түсіріп, оны ақтауды сұрады.
Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды. Өйткені сотталғанның кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және басқа да материалдармен дәлелденді.
Сот актісі заңды күшіне енді.
Іздеу жарияланған LRT экс-басшысы Талғат Ардан тағы да сырттай сотталғанын жазған болатынбыз.