Келісім Қазақстан Республикасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің 73-сессиясын (ДДҰ ЕӨК сессиясы) өткізуге бағытталған.
ERNUR.KZ. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы Астанада (Қазақстан Республикасы) ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшінші сессиясын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп жазады Kazinform.
Келісім Қазақстан Республикасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің 73-сессиясын (ДДҰ ЕӨК сессиясы) өткізуге бағытталған. Құжатқа сәйкес Қазақстан жағының міндеттемелерінде 2023 жылғы 24-26 қазан аралығында Астана қаласында ДДҰ ЕӨК жетпіс үшінші сессиясын өткізуді ұйымдастыру ескерілген. Келісімге 2023 жылғы 23 мамырда Женевада қол қойылды.
«Қаралып отырған заң жобасы Қазақстанда алғаш рет денсаулық сақтау саласындағы жоғары деңгейдегі саяси әрі әлеуметтік іс-шараны өткізуге мүмкіндік береді. Еуропа өңірінің 53 елі қатысатын ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік комитетінің жиыны жылына бір рет өткізіледі. Онда денсаулық сақтау жүйесін дамытудың жаһандық мәселелері талқыланады, денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі өңірлік жоспарлар, қарарлар, шешімдер қабылданады. Сонымен қатар, таяу күндері ДДҰ-мен бірлесіп, ДДҰ бас директоры Т.Гебрейесустың қатысуымен Медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша Алматы декларациясының 45 жылдығы мен Астана декларациясының 5 жылдығына арналған Жаһандық конференция өтеді. Астана осы күндері жаһандық денсаулық сақтау орталығына айналады. Бұл іс-шараларға 81 елден 650 делегат қатысады», - деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясының аясында денсаулық сақтаудың бірнеше жоспары қаралады және ұсынылады. Олар мынаны қамтиды:
- 2023-2028 жылдарға арналған денсаулық сақтау қызметкерлеріне қатысты іс-қимылдың негізгі бағдарламасы;
- 2023-2030 жылдарға арналған босқындар мен мигранттардың денсаулығын сақтау жөніндегі іс-қимыл жоспары.
«Сонымен қатар, сессия барысында делегаттарға ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының 2022-2023 жылдарға арналған қызметі туралы есеп, өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар туралы жаңартылған ақпарат, сондай-ақ «Кезек күттірмейтін медициналық көмек бригадасы» бастамасын нығайту жөніндегі өңірлік іс-қимыл жоспары ұсынылады. Бұл тақырыптар қазіргі әлем тап болған жаһандық дағдарыстарды ескере отырып шығарылды. Нәтижелері бойынша Еуропалық ДДҰ-ның барлық елдерінің орындауы үшін міндетті болатын қарар қабылданады. Осы іс-шараларды өткізу мемлекеттің денсаулық сақтау саласындағы бастамаларын ілгерілетеді, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің табыстарын белгілі еуропалық мемлекеттердің арасында көрсетуге мүмкіндік береді, денсаулық сақтау саласындағы жоғары деңгейдегі маңызды өңірлік саяси және дипломатиялық іс-шараны қабылдауға қабілетті ел ретінде қосымша оң көрініс береді», - деді министр.


