Елордада 2020 жылы 7 мың әлеуметтік пәтер салынды.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында әлеуметтік пәтер құрылысына ерекше мән берілетінін мәлім етті, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Елорда соңғы жылдары әлеуметтік тұрғын үй құрылысы бойынша өз рекордын жаңартып келеді. Бұл деңгей ары қарай да сақтала береді. Келесі жылы қолжетімді тұрғын үй салу үшін алдын ала дайындық басталды: учаскелерді, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау, инженерлік желілерді тарту және аумақты абаттандыру, құрылыс жұмыстары», - деп жазды әкім.
Әкім өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй көлемін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлім етті.
«2022 жылы кемінде 10 мың әлеуметтік пәтер салуды жоспарлап отырмыз. Аудандар «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарының тұжырымдамасына сәйкес дамып жатыр. Оған сәйкес әлеуметтік нысандар жақын маңайға орналасатын болады. Мысалы, 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер салынса, 2019 жылғы көрсеткіш – 2900, ал 2020 жылы 7 мың әлеуметтік пәтер салынды. Биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға жеткіземіз.
Келесі жылы да осындай көлемде пәтер саламыз», - деді Алтай Көлгінов.