​ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДАҒЫ СУ НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЗЕРДЕЛЕНДІ

0
81


​ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДАҒЫ СУ НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЗЕРДЕЛЕНДІ

ERNUR.KZ. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, облыстық мәслихат депутаттары және Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов аудан аумағындағы бірқатар су нысандарын аралап, олардың қазіргі жай-күйімен және атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – ауыз сумен жабдықтау жүйесінің жай-күйін зерделеу, қолданыстағы инфрақұрылымның тиімділігін бағалау және тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды бағамдау.
Алдымен Ленгір қаласындағы №1, №2 және №3 су жинау резервуарларының жұмысы қаралды. Аталған нысандар қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесінде маңызды рөл атқарады.
Қазіргі таңда Ленгір қаласында 37 мыңнан астам тұрғын тұрады. Қала бойынша тәуліктік су тұтыну көлемі шамамен 12,2 мың текше метрді құраса, жаз мезгілінде бұл көрсеткіш 18,9 мың текше метрге дейін артады. Осыған байланысты қолданыстағы су инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және қосымша су көздерінің әлеуетін тиімді пайдалану маңызды міндеттердің бірі болып отыр.
Бұдан кейін делегация мүшелері Киелітас ауылдық округіне қарасты Достық елді мекеніндегі №1, №2 және №3 су ұңғымаларын аралады.
Елді мекендегі ауыз су тапшылығын азайту мақсатында жаңа ұңғымалар салу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 282 млн теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған. Жоба іске асырылғаннан кейін елді мекеннің сумен жабдықтау мүмкіндігі кеңейіп, тұрғындарды тұрақты ауыз сумен қамтуға қолайлы жағдай жасалады.

Сонымен қатар жұмыс сапары аясында Қарабастау бұлағындағы жұмыстардың барысы зерделенді. Су көздерінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін сақтау ауданның коммуналдық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі саналады.
Жұмыс сапары барысында тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді. Қолданыстағы су жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуі мен қосымша су көздерін тиімді пайдалану, әсіресе жаз мезгілінде су тұтыну көлемі артатын кезеңде, халықтың қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді. Сапалы ауыз суға қолжетімділікті арттыру – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда су нысандарының тиімді жұмысын қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жетілдіру және су ресурстарын ұтымды пайдалану бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.