Тергеу барысында жүк көліктерінің іс жүзінде «Еуро-2» экологиялық класына сәйкес келетіні анықталған.
ERNUR.KZ. Қытайдан Қазақстанға 20 FAW жүк көлігін заңсыз әкеліп, кейін мемлекеттік сатып алу аясында 605 млн теңгеге өткізген үш адамға қатысты сот үкімі шықты. Сотталғандардан мемлекет кірісіне 285 млн теңге өндірілетін болды, деп жазады baq.kz.
Тергеу барысында жүк көліктерінің іс жүзінде «Еуро-2» экологиялық класына сәйкес келетіні анықталған. Алайда кедендік рәсімдеу кезінде жалған мәліметтер қамтылған құжаттар пайдаланылып, техника «Еуро-5» экологиялық талаптарына сай деп көрсетілген.
Жүк көліктері Қазақстанға қалай әкелінген?
2023 жылғы ақпан-мамыр айлары аралығында «Нұр Жолы» және «Бақты» кеден бекеттері арқылы Қазақстанға 20 жүк көлігі заңсыз кіргізілген. Олардың кедендік құны 285 млн теңгені құраған.
Кейіннен техника коммерциялық құрылымдар арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу аясында «ҚАЖсервис» ЖШС-не жалпы сомасы 605 млн теңгеге жеткізілген.
Осылайша, кедендік құны 285 млн теңге болатын жүк көліктері мемлекеттік сатып алу шеңберінде одан едәуір жоғары сомаға өткізілген.
Сот қандай шешім шығарды?
Сот үш айыпталушыны алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған аса ірі мөлшердегі экономикалық контрабандаға кінәлі деп таныды.
Сонымен қатар сотталғандардан контрабанда затының құнына тең 285 млн теңге мемлекет кірісіне ортақтасып өндірілді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.


