Денсаулық ПЛАСТЫРЬЛЕРІ шынымен көмектесе ме?

0
211

Сатып аларда нені тексеру керек?


Денсаулық ПЛАСТЫРЬЛЕРІ шынымен көмектесе ме?

Сурет: ЖИ

Қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен маркетплейстерде «велнес-патчтар» (сауықтыру пластырьлері) қызу сатылымда. Ұйқыны жақсартуға, энергия қосуға, арықтауға арналған жапсырмалардың жарнамасы белсенді. Дегенмен, медицина тұрғысынан олардың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы сұрақ көп.


Өндірушілер патчтардағы пайдалы компоненттер тері арқылы (трансдермальды түрде) жақсырақ сіңетінін алға тартады. Таблеткалар сияқты асқазанға салмақ түсірмейді деп ашық мәлімдейді.

Ресейлік диетолог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Е. Соломатина: «Тері – дененің қорғаныш барьері, кез келгенді ағзаға өткізе бермейді. Сол үшін ғалымдар ағзаға қажетті заттарды тері арқылы енгізу үшін арнайы тасымалдаушылар мен формулаларды іздейді. Компонент қан айналымына түсуі үшін оның белгілі бір өлшемі мен формуласы болуы тиіс, әйтпесе ол жай ғана тері бетінде қалады» деп баса айтқан.


Көңіл-күй мен ұйқыға арналған патчтар

Ұйқыны реттейді, стресті азайтады, энергия қосады делінеді. Құрамына лаванда, валериана, жалбыз, сондай-ақ түрлі аминқышқылдары мен дәрумендер қосылады. Сатушылар бұл патчтарды білекке, бұғанаға, иыққа, белге немесе құлақ артына жапсыруды ұсынады.

Бұл заттардың миға әсер ететіндей мөлшерде қанға сіңетіні ғылыми түрде дәлелденбеген. Эфир майлары тек жеңіл ароматерапиялық әсер ғана беруі мүмкін.

Мелатонині бар ұйқы патчтары адам түн ауғанша телефонға қарап отырса, ешқандай нәтиже бермейді. Қараңғылық пен тыныштық сияқты қолайлы жағдай жасалса, патч жақсы ұйықтауға қосымша көмекші бола алады.


Детокс-пластырьлер

Детокс-пластырьді ағзаны токсиндерден тазарту, ісінуді қайтару, ұйқыны жақсарту, салмақ тастауға көмектесу және тіпті қартаюдың алдын алу үшін қолдануға ұсынады. «Түнде табанға жапсырса, таңертең пластырь қошқыл қоңыр түске боялады, бұл – ағзадан шығарылған шлактар» деп түсіндіреді. Шын мәнінде, патчтың қошқыл қоңыр түске боялуы токсиндердің шыққанын білдірмейді. Бұл – жапсырма құрамындағы ағаш немесе бамбук сіркесуының термен және ылғалмен реакцияға түсуінен болатын қарапайым химиялық құбылыс.


Етеккір кезіндегі ауырсынуға қарсы түрлері

Мұндай патчтардың да түрі көп. Негізгі екі топты қарастыруға болады: ішкиімге жапсырылатын жылытатын патчтар және рефлекторлық нүктелерге (білек, бел, құлақ арты) арналған басқа түрлері. Тек жылыту әсерін беретіндері шынымен көмектесуі мүмкін. Ондағы темір ұнтағы, тұз және белсендірілген көмір оттегімен жанасу нәтижесінде жылу бөледі. Сол арқылы іштің төменгі бөлігіндегі спазмды басып, ауырсынуды бәсеңдетеді. Бұл әдіс кейде ауырсынуды басатын дәрінің орнын алмастыруы ықтимал.


БАД және витамин қосылған пластырьлер

Маркетплейстерден коллаген, омега-3, дәрумендер мен микроэлементтер қоспасы бар патчтардың көптеген түрі табылады. Уәде етілетін пайдасы белсенді компонентке байланысты. Көбінесе буындардың, тері мен шаштың жағдайын жақсарту, ағзадағы тапшылықтардың орнын толтыру, қуатты арттыру, иммунитетті көтеру аталады. Тапсырыс беру, жеткізу жағын да қарастырып, жеңілдетіп қойған. Бірақ негізгі мәселе – дәрумендер мен минералдар, белсенді қоспалар тері арқылы сіңе ме?

Дерматологияда «500 дальтон ережесі» бар. Тек салмағы осы мәннен кіші молекулалар ғана терінің қорғаныш барьерінен өтіп, қан айналымына ене алады. Көптеген дәрумендер мен өсімдік сығындыларының молекулалары әлдеқайда үлкен болғандықтан, тері барьері оларды өткізбейді. Мысалы, коллаген молекуласының өлшемі шамамен 300 000 дальтон. Мөлшері кішірек кейбір компоненттер терінің беткі қабаттарына сіңгенімен, қанға өте мардымсыз мөлшерде ғана жетеді.


Арықтауға арналған пластырьлер

Өндірушілер уәдесіне сенсек, мұндай жапсырмалар майға тікелей әсер етіп, ыдыратады. Сол арқылы артық салмақ тастауға, метаболизмді жақсартуға және тәбетті басуға көмектеседі. Құрамында әдетте L-карнитин, кофеин, жасыл шай, бұрыш, жалбыз сығындылары көрсетіледі.

Алайда, ғылыми көзқарас бойыша, майды тек белгілі бір аймақта (жергілікті түрде) жағып жіберу мүмкін емес. Май тіні тек жүйелі түрде, яғни ағза калория тапшылығын сезінгенде ғана ыдырайды.


Медицинада трансдермальды жеткізу әдісі бұрыннан бар. Осы уақытқа дейін гормоналды және никотинді пластырьлер қолданылып келді. Алайда қазіргідей жапсырмалардың саналуандығы артқан кезеңде дәрігерлер кез келген заттың тері арқылы өте алмайтынын айтуда.

Медицина мамандарының айтуынша, биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер қосылған патчтарды өндіру дәрілік заттар сияқты қатаң стандартталмаған. Сондықтан олардың тиімділігі өндірушінің адалдығына және сапасына тікелей байланысты.

Дәрігерлер кез келген қоспаға немесе патчқа әр аданың ағзасы әртүрлі реакция беретінін ескертеді. Біреу үшін аз ғана әсердің өзі жеткілікті болса, басқалары ешқандай өзгерісті байқамауы мүмкін.

Егер денсаулығыңызда нақты мәселелер болса, емдік пластырге сенудің орнына, білікті мамандарға жүгінген әлдеқайда қауіпсіз әрі тиімдірек.


Маркетинг пен плацебо эффектісі

Көптеген адамдардың бұл өнімдерге сеніп, жақсы пікірлер қалдыруының артында психология мен маркетинг жатыр. Әлеуметтік желілердегі әдемі дизайн, танымал блогерлердің немесе жұлдыздардың жарқын ұсыныстары адам санасына үлкен әсер етеді. «Егер басқаларға көмектессе, маған да көмектеседі» деген сенім санамызға автоматты түрде орнығады.

Кейбір сатып алушылар патчты жапсырғаннан кейін «шынымен ұйқым жақсарды» немесе «тәбетім басылды» деп жатады. Алайда бұл — физиологиялық әсер емес, плацебо эффектісі. Яғни, адамның өнімнің тиімділігіне қатты сенгені соншалық, ми ағзаға сигнал беріп, жағдайдың жақсарғанын өзі қалыптастырады. Алайда бұл сыртқы көмекші құралдың нақты емдік қасиеті бар екенін білдірмейді, тек адамның өзін-өзі сендіру күші ғана жұмыс істейді.


Қауіпті болуы мүмкін

Бұл өнімдер сырттай қарағанда зиянсыз болып көрінгенімен, кейбір жағдайларда денсаулыққа нақты қатер төндіруі мүмкін. Патчтардың негізіндегі сапасыз желім немесе құрамындағы түрлі эфир майлары, өсімдік сығындылары сезімтал теріде қышу, бөртпе немесе аллергиялық дерматит тудыруы мүмкін. Адам денсаулық мәселелерін дәрігерге барып емдеудің орнына, осындай күмәнді патчтарға сеніп уақыт жоғалтады. Салдарынан уақытылы ем қабылданбай, түпкілікті дерттің асқындап кетуі әбден ықтимал.

Маркетплейстен емдік пластырь сатып аларда сертификаты мен құрамын мұқият тексеріңіз. Өнімнің құрамындағы компоненттерге аллергияңыз жоқ екеніне көз жеткізіңіз.

Созылмалы аурулар болса, жүктілік кезінде немесе бала емізетін аналар кез келген осындай белсенді қоспаларды қолданар алдында міндетті түрде дәрігермен кеңесу қажет.

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

«ТЕБУ» тесті – ИНСУЛЬТТІ ерте анықтаудың бірден-бір жолы