​Астанадағы автобус апаты: зардап шеккендерге өтемақы төленеді

0
150

Астанада автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі бағанға соқтығысқан болатын.


​Астанадағы автобус апаты: зардап шеккендерге өтемақы төленеді

Фото: Астана әкімдігі

ERNUR.KZ. Қала әкімдігі зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсетіп жатыр, сондай-ақ материалдық және басқа да қажетті қосымша көмек көрсетілетін болады, деп жазады inform.kz.

— Қоғамдық көліктің соқтығысуы салдарынан үш жолаушы медициналық мекемелерге жеткізілді. Олардың жағдайы ауыр және аса ауыр деп бағаланып отыр. Олардың бірінің аяғының төменгі жағы ампутацияланды. Қала әкімдігі зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсетіп жатыр, сондай-ақ материалдық және басқа да қажетті қосымша көмек көрсетілетін болады. Зардап шеккен жолаушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес, медициналық және сақтандыру сараптамалары жүргізілгеннен кейін ақшалай өтемақы төленеді, — делінген Астана әкімдігі таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар ведомство автобус жүргізушісінің жолаушылар көлігін жүргізу саласында жалпы еңбек өтілі 15 жылдан асады, ал автопаркте 2020 жылдан бері жұмыс істейтінін атап өтті.
— Оқиға болған күні ол алдын ала міндетті медициналық тексерістен өтіп, жұмысқа жіберілген. Жұмысқа демалыстан кейінгі алғашқы күні шыққан. Автобус 2024 жылғы, желіге шыққан сәтте техникалық тұрғыдан жарамды күйде болған, — делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, автобустар желіге шықпас алдын автобус паркінің жауапты қызметкерлері күн сайын мынадай жұмыс жүргізеді:
• көліктің көзге көрінетін тұстағы зақымдарын тексеру;
• жүргізушіге қажет жиынтықтың (өрт сөндіргіш, алғашқы медициналық көмек қобдишасы, сүйреткіш арқан, домкрат, апаттық тоқтау белгісі) болуын тексеру;
• негізгі тораптар, жүйелер мен механизмдердің жұмыс істеуін тексеру;
• жүргізушілердің медициналық тексерісі (қан қысымын өлшеу, дене қызуын өлшеу және т. б.).
Әкімдіктің мәліметінше, аталған факт бойынша қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Жан-жақты тексеру жүргізілуде, барлық мән-жай анықталып жатыр.
Бұған дейін Астанада автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі бағанға соқтығысқаны анықталды. Жол апатынан бір зардап шегушінің жағдайы ауыр екені, ота жасалатыны айтылды. Бүгін зардап шеккен 1 жолаушының аяғына ампутация жасалғаны белгілі болды.