Атырауда көшеде гитарамен ән айтқан ресейлік азаматтар айыппұл арқалады

0
571

Алайда Волгоградтан келген басқа музыканттардың жолы болмаған.


Атырауда көшеде гитарамен ән айтқан ресейлік азаматтар айыппұл арқалады

ERNUR.KZ. Қыркүйектің соңында жартылай мобилизациядан қашқан Ресей азаматтарының легі Атырауға келгенде, қалалық субмәдениетте жаңа құбылыс – көше музыканттары пайда болды. Солардың бірі, скрипкашы Эмир Сүлейманов әуелі кешкілік облыстық әкімдік жанындағы жағалауда ойнап жүрсе, бір аптадан кейін М. Өтемісов атындағы драма театрының сахнасында концерт берді, ал енді бүкіл Қазақстанды аралауды жоспарлап отыр, деп жазады stan.kz.

Алайда Волгоградтан келген басқа музыканттардың жолы болмаған. Оларға көшеде ән айтқаны үшін полиция "Қоғамдық орындарда тиісу" әкімшілік 449-бабы бойынша хаттама толтырған.

"Біз Атырауға келе салысымен-ақ гитарамен ән айта бастадық. Әрқашан бір жерде орындайтынбыз – санаторийдің жанында. Бірақ 15 қазан күні кешке біздің әнімізді полиция қызметкері үзді. Ол Қазақстанда бұлай жасауға болмайтынын айтып, кетуімізді өтінді. Әрине, біз аздап таңғалдық: себебі біз екі апта бойы тыныш әнімізді орындап жүрдік және ешқандай қарсылық болмады. Бірақ біз бұл жақтың өз заңдары бар екенін түсініп, дереу жиналдық та, кетіп қалдық. Мәселен, Ресейде көшеде өнер көрсетуге және өтіп бара жатқандардан ерікті сыйақы алуға тыйым салынбайды, тек Мәскеу мен Санкт-Петербургте биліктен арнайы рұқсат қажет", – дейді Владислав Подгорный.

Олар жағалаудан шығып үлгермей жатып, сол полиция қызметкері әріптесімен бірге қайта келіп, үстерінен арыз түскенін жеткізген.

"Полиция бөлімінде ғаламтордан өзімізге тағылған әкімшілік кодекстің 449-бабын оқып, ешкімге тиісіп, ақша талап етпейтінімізді айтып, тек тілек білдірушілер өз еркімен ақша салуға болатын гитараның қорабы ғана бар екенін түсіндірдік. Біз үшін музыка – қосымша ақша табу мүмкіндігі ғана емес, бұл эмоция мен өз орныңды білдіру. Ол бүгінгі күнмен өмір сүруге және әлемге басқаша қарауға көмектеседі. Бірақ бұған полиция қызметкерлері: "Сіздер жағалауда отырасыздар, адамдар жандарыңыздан өтеді, олар сіздердің музыкаларыңызды тыңдауға мәжбүр, бұл ыңғайсыздықты тудырады, сондықтан бұл тиісу болып саналады" деп жауап берді", – деп жалғады Никита Евсеев.

Заңгер Нұрлан Жолболовтың сөзінше, шетелдік азаматтардың әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ.

"449-бапты мұқият оқып шықсаңыз болады. Мәселен, хаттаманың көшірмесі берілмеген, тіпті баптың қай бөлігі бойынша толтырылғанын да білмейді. Басқа да айқын заң бұзушылықтар бар. Оның үстіне бұл бап көше музыканттарына мүлдем сәйкес келмейді, әйтпесе ашық аспан астында өткен кез келген концертті осыған жатқызуға болар еді", – деп түсіндіреді заңгер.